419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жеке басқа қатысты құжаттар бір мобильді қосымшада болады. Бұл қауіпсіз бе?

  • 390
  • UPD: 21:40, 11.06.2020

Алдағы уақытта жеке басыңызға қатысты бірнеше куәлік бір қосымшада қолжетімді болады. Яғни диплом, студенттік билет, жүргізуші немесе неке туралы куәліктің электрондық баламасы жасалады. Қосымшаға енгізілген құжатты кез келген жерде түпнұсқамен теңдей қолдана бересіз. Цифрлық құжатқа осындай құқық беретін заң жобасы бүгін сенатта қабылданды. 

Қызмет алуды жеңілдетіп, қалтаңыздағы құжат санын азайтатын қосымша былтыр пайда болды. Қазір оған куәліктің төрт түрі енгізілген. Олар жеке куәлік, неке туралы, туу туралы және тегін ауыстыру туралы куәлік. Пилоттық жоба ретінде осы құжаттар цифрлық форматта халыққа қызмет көрсету орталығында қабылданып, тиісті қызмет көрсетілген. Яғни тиімді екені дәлелденді. Сондықтан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі минстрлігі қолданыс аясын одан әрі кеңейтуді ұсынды. 

Арманбек Тілеубаев, ҚР ЦДИАӨМ IT дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы: 

- Техникалық жағынан бұл қызмет дайын тұр. Жоба бойынша жыл аяғына дейін 5 құжатты кіргізейін деп отырмыз. Ол жүргізуші куәлігі, көлікті мемлеккеттік тіркеу куәлігі, студенттік билет, диплом білім беру туралы, сосын сақтандыру полисі. Сонымен қатар біз басқа да мемлекеттік органдарға ұсыныс жасадық, бұл тізбені тағы да ұлғайтуға. Шекті тізбесі болмайды, мемлекеттік органдар дайын болған жағдайда біз бұған қызметтерді қоса береміз.

Бір қосымшаға бар құжатты сақтау қолайлы әрине. Алайда қауіпсіздігі қалай қамтылмақ. Азаматтар осыған алаңдайды. Бұл мәселенің басын ашып, құқықтық қолдау көрсету үшін жауапты орган заң жобасын әзірлеген. Цифрлық технологияларды реттеу туралы жаңа ереже Мәжілісте талқыланып, қолдау тапты. Бүгін сенатта мақұлданды. 

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

- Былтыр еліміздің мәліметтер базасына 2 жарым миллиард хакерлік шабуыл жасалды. Сондықтан заң жобасында қауіпсіздік мәселесіне үлкен мән бердік. Яғни азаматтардың цифрлық форматқа ауысқан құжаттары үшінші бір тарапқа берілмеуі керек. Осының барлығын егжей тегжейлі зерттеп, мәліметтер қалай қорғалады, оған кімдер жауапты екенін анық көрсеттік. Негізі бұл құжаттар қазірдің өзінде әрбір министрліктің мәліметтер базасында цифрлы түрде сақталған. Қосымша оларды тек біріктіреді. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. 

Заң жобасы цифрлық технологиялардың көмегімен мемлекеттік қызметтерді пайдалануды оңайлатуды көздейді. Мәліметтер базасына мемлекеттік органдар ғана емес, азаматтарға қызмет көрсететін банктер, нотариустар және ұялы байланыс операторы сынды мекемелер де қосылады. Бірақ құжатты түпнұсқада немесе цифрлық форматта қолдана ма ол әркімнің өз еркі. 

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ержан Рахманбердиев, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы