431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өңірлерде карантин режимін бұзу дерегі азаймай тұр

  • 386
  • UPD: 08:46, 12.06.2020

Алматы облысында бір айдың ішінде 900-ге тарта заңбұзушылық анықталса, Шымкентте халық көп баратын қоғамдық тамақтану орындары, дүкендер мен моншалар әлі де санитарлық эпидемиологиялық талаптарға қырын қарайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

  Ал Павлодарда автобустарға рейд жүргізілді.

Алматы облысында өткен бір айдың ішінде 4,5 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, 900 ге жуық заңбұзушылық анықталды. Оның басым бөлігі – қоғамдық орындарда бетперде тақпай жүру, ара қашықтықты сақтамау, дезинфекциялық сұйықтықты пайдаланбау сияқты кемшіліктер. Сондай-ақ осы аптада Алакөл мен Қапшағай су қоймасындағы демалыс орындарын тексеру жұмыстары басталды. Бір күннің ішінде айдынды Алакөлдің жағасындағы 100-ге жуық нысан тексеріліп, бекітілген талапты орындамаған 70-ке тарта дерек анықталды. Әзірге мониторингтік топ өкілдері ескерту жасаумен шектелді. Облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың саны 470-ке жетсе, соның 13-і соңғы тәулікте тіркелген.

Саят Қауметбаев, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Мониторингтік топтар 11 мамырдан бастап алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Адамдардың көп жиналатын жерінде, сауда орындарында тәртіптер сақталмайды. Бірқатар ауданда кешегі күні кемшіліктер анықталды. Сол кемшіліктер қолға алынса деп ойлаймыз.

Шымкентте халық көп баратын қоғамдық тамақтану орындары, дүкендер мен моншалар әлі де санитарлық эпидемиологиялық талаптарға қырын қарауда. Бұл туралы қаладағы Қаратау аудандық тауарлардың қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасы мамандары мәлімдеді. Мониторингтік топ мүшелері дәмханадағы қызмет көрсетуші әкімшілер арнайы киімде болмағандықтан, қожайындарына ескерту жасады. Ал «Нұрсәт» мөлтек ауданындағы маркеттің біріне келушілер бетпердесіз дүкен ішін аралап жүргендігін де көз шалды. Антисептик қойылмауы, арнайы зарарсыздандыру кілемшесінің төселмеуі жағдайлары да болды. Тіпті мұнда нан өнімдерінің өзі ашық-шашық саудалануда. Бұл сауда орнының әкімшісімен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескерту жасалды. Ал кейбір нысандарда адамдардың ыстығын өлшейтін құралдар жоқ.

Айнұр Пернеева, Қаратау аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

– Әрине, кемшіліктер жоқ емес, бар. Әлде де түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы 20-қаулыға сәйкес, санитарлық талаптарды орындау керек. Сол кемшіліктер қайталанатын болса, 462-баптың 3-тармағымен әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа өткізіледі. Ең жиі кездесетін кемшіліктер, әрине, бетперде, бір реттік қолғап. Күн ыстық, құлағымызды қиып кетеді деп жатыр. Бірақ оған қарамай, санитарлық талаптарды орындауымыз керек.

Ал Павлодарда енді санитарлық-эпидемиялогиялық талаптарды сақтамағандар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлейтін болады. Бұған дейін арнайы мониторингтік топ тек ескерту жасаумен шектеліп келген еді. Олай етпеске амал жоқ. Өңірде коронавирусқа шалдығу көрсеткіші бәсеңдемей тұр. Бүгін өндіріс ошақтарына қатынайтын бағыттарға арнайы рейд жүргізілді. Өрескел ереже бұзушылық алғашқы екі автобустан табылды. Жолаушылар бір-біріне жақын отыр. Карантин талабына сай бір метрлік арақашықтық сақтамалған.

Александр Сафяников, қаланың бас санитарлық дәрігері:

– Коронавирус инфекциясына шалдығу деңгейі жоғары болып тұрған қазіргі сәтте сақтық шараларын күшейтуге мүдделіміз. Автобус жүргізушілері белгіленген талаптарды орындауы тиіс. Арақашықтықты сақтау мен маскалық режим әлі де өзекті. Одан кейін автобустар толы болмауы керек. Бір метрлік дистанцияны сақтау міндеттеледі.

Енді жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорын айыппұл төлейді. Оның көлемі шағын бизнес субъектілері үшін 500, ірі кәсіпорындарға 1600 айлық есептік көрсеткіш көлемінде есептеледі. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Нұрбек Байбосын, Қарлығаш Қасиетова

Хабар 24 телеарнасы