425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сенат депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспары бекітілді

  • 379
  • UPD: 16:20, 12.06.2020
Сенат депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспары бекітілді

Орталық сайлау комиссиясы 12 тамызға белгіленген ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға дайындық және оны өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті.

12 маусымда онлайн режимде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, «2020 жылғы 12 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» қаулы қабылданды.

Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі ағымдағы жылдың қазан айында аяқталатынын атап өтті. Осылайша, 2020 жылдың 12 тамызында республиканың 17 өңірінде еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы жоғарғы палатасының бір-бірден депутатын сайлау қажет.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Сенатты Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әрбір облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттар құрайды.

Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру кезінде таңдаушылар мәслихат депутаттары сайлайды, оларды өз кезегінде жалпыға бірдей сайлауда Қазақстан Республикасының азаматтары сайлайды.

Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды. Бұл ретте жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады.

Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге Орталық сайлау комиссиясы басшылық етеді. Тиісті аумақтық сайлау комиссиялары Парламент депутаттарының сайлауын өңірлерде дайындауды және өткізуді қамтамасыз етеді.

Сайлау науқанының негізгі кезеңдері туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады.

Яғни Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен, яғни 13 маусымнан басталады және сайлау өткізілетін күнге бір ай қалғанда жергілікті уақыт бойынша 2020 жылғы 12 шілдеде сағат 18:00-де аяқталады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар ұсынуды мәслихаттар, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырады.

Отыз жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не астананың аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын адам Сенат депутаты бола алады.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарды сайлауға және олардың сайлануға құқығы жоқ.

Соттылығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған адам, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат бола алмайды.

Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша Сенат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы құжаттар келіп түскен кезде облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың немесе астананың сайлау комиссиясы:

1) үш күн ішінде кандидаттың Конституцияда және осы Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді;

2) тексеру аяқталған күннен бастап үш күн мерзімде оған таңдаушылардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтарын береді.

Сенат депутаттығына кандидатты облыстың барлық мәслихаттарын, Республикалық маңызы бар қаланың немесе республика астанасының мәслихаттарын білдіретін таңдаушылардың жалпы санының кемінде он пайызынан, бірақ бір мәслихаттың таңдаушылар дауысының жиырма бес процентінен аспайтын дауысымен қолдауға тиіс.

Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен жиырма күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеуді облыстық, қалалық немесе аудандық мәслихаттың депутаттыққа кандидатты ұсыну туралы шешімі (мәслихат ұсынған жағдайда); депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші; тиісті сайлау комиссиясының кандидатты қолдап таңдаушылардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамасы; кандидаттың өмірбаяндық деректері; оның жұбайының (зайыбының) табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы Мемлекеттік кіріс органының анықтамасы; кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын 637 500 теңге сомасында құжат болған жағдайда облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

Сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған кезден, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде сағат 18:00-ден кейін басталады және дауыс беру күнінің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта, яғни 11 тамызда сағат 00:00-де аяқталады.

Сенат депутатының сайлауындағы дауыстарды санау нәтижелері дауыс беру пунктінде өткізілетін тиісті сайлау комиссиясының отырысында белгіленеді.

Сенат депутатын сайлау жөніндегі дауыстарды санау хаттамасы таңдаушылардың бірлескен отырысында жария етіледі және оны сайлау күнінен бастап екі күннен аспайтын мерзімде Ортсайлаукомға жібереді.

Сенат депутаттарын жалпы республика бойынша сайлаудың қорытындыларын сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірмей Ортсайлауком белгілейді.

Орталық сайлау комиссиясы 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейінгі мерзімде, яғни 2020 жылғы 14 қазанға дейін Сенаттың жаңадан сайланған депутаттарын тіркейді.

Отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев «сайлау процесінің заңдылығы мен жариялылығын қамтамасыз етумен қатар, барлық қатысушылардың денсаулығы үшін барынша қауіпсіз жағдайда сайлау өткізу – сайлау комиссиялары үшін басты басымдық» деп атап өтті.

Отырыстан кейін брифинг өтіп, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ брифинг барысында Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығы карантин және қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі жағдайында онлайн режимінде жұмыс істейтін болады, барлық коммуникациялар техникалық байланыс құралдары арқылы жүзеге асырылады.

Ақпарат көзі: ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы