432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көп балалы аналарға жыл басынан бері 93,9 млрд теңге жәрдемақы төленді

  • 399
  • UPD: 10:23, 15.06.2020
Көп балалы аналарға жыл басынан бері 93,9 млрд теңге жәрдемақы төленді

Биылғы қаңтар-мамыр аралығында орта есеппен 387,2 мың отбасы 93,9 млрд теңге көлемінде көп балалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақымен қамтылды.

Мамыр айында жәрдемақының бұл түрі бойынша 396,5 мың отбасыға жалпы сомасы 20,4 млрд теңге төленді, деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.

Аталған мемлекеттік жәрдемақыға табысына қарамастан 4 және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар көп балалы отбасылар үміткер бола алады. Төлем мөлшері 44 532 мың теңгеден (4 бала) 77 951 мың теңгеге дейінгі аралықты(7 бала) құрайды, 8 және одан да көп баласы бар отбасылар үшін әр балаға сараланған түрде 4 АЕК мөлшерінде төленеді.

Осылайша, бүгінгі таңда тиісті жәрдемақының ұлғаюы 8 және одан да көп баласы бар отбасылар үшін жеке мөлшерді белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі. Тиісті заңға Мемлекет басшысы осы жылдың 13 мамырында қол қойды.

8 баласы бар отбасы үшін жәрдемақы 88 896 теңгені құрайды, 9 балаға 100 008 теңге, 10 балаға 111 120 теңге, 11 балаға 122 232 теңге, 12 балаға 133 344 теңге, 13 балаға 144 456 теңге, 14 балаға 155 568 теңге, 15 балаға 166 680 теңге, 16 балаға 177 792 теңге төленеді.

Заң 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, осыған байланысты көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері ол тағайындалған кезден бастап қайта есептеледі. Осылайша, төленбеген сома шілде айында аударылады.

Жалпы 2020 жылы көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу үшін республикалық бюджеттен 191,1 млрд теңге қарастырылған.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы көп балалы отбасыларға олардың кірістерін есепке алмай берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде қарастырылған табысы аз және көп балалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілді.

Хабар 24 телеарнасы