422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар 24» телеарнасының тілшісінен коронавирус анықталды

  • 525
  • UPD: 18:30, 15.06.2020

Коронавирус бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін де айналып өтпеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан бірер апта бұрын «Еуразия» арнасының қызметкерлері дертке шалдыққанын айтып едік. Енді аты жаман вирус біздің де телеарнаның тілшісінен табылды. Вероника Боярова қазір ауруханада жатыр. Ал жұмыс орнымызда санитарлық талаптар күшейтілді.

Бірден айтайық, Вероника вирустың жеңіл түрімен ауырып жатыр. Ақ халаттылар оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деді. Қазір арнамыздың тілшісі бас қаладағы инфекциялық ауруханада жатыр.

Вероника Боярова, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі:

– Электронды поштамды ашып, тапсырған ПТР сынамамның қорытындысын қарап едім. Өз көзіме өзім сенбедім. Ол жерде менің сынамам оң нәтиже бергені жазылып тұр. Алайда маған тест тапсырған медициналық мекемеден бір де бір адам хабарласпады. Содан өзім жедел жәрдем шақырып, жағдайды түсіндірдім. Арада тек 2 сағат өткенде үйіме жедел жәрдем келді. Температурам болмады. Медбикелер өлшеп еді. Дене қызуым 36,4-ті көрсетті.

Бұл вирус көрінбейді. Сезілмейді. Адамнан «Ковидтың» белгілері байқалмауы да мүмкін. Қазір симптомсыз-ақ талайлардың бойынан осы ауру анықталып жатыр. Мұндай азаматтар вирусты таратушы болып есептеледі.

Вероника Боярова, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі:

– Тек әлсірей бердім. Ұйқы қысатын болды. Ақырында мені жедел жәрдеммен балалардың инфекциялық ауруханасына алып кетті. Бұл жерге мені жедел жәрдем көлігімен алып келген соң, өзімнің кезегімді күтіп дәлізде тағы 2 сағаттай отырдым. Сол жерде өзім сияқты бойынан вирус анықталған өзге адамдармен сөйлестім. Олар жедел жәрдем көлігін 4-5 сағаттап күткендерін айтты.  

Қазір Вероника ем алып жатыр. Анализ тапсырып, рентгеннен өткен. Жағдайы толық тұрақталған соң ғана үйіне оралмақ. Ал арнада санитарлық талаптар күшейтілді. 

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы