423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында мемлекет қолдауымен 350 адам кәсіп бастады

  • 355
  • UPD: 22:39, 15.06.2020
Жамбыл облысында мемлекет қолдауымен 350 адам кәсіп бастады

Биыл Жамбыл облысында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» 350-ден аса адам жүгініп, жеке іс бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жобаларды қаржыландыруға 1 миллиард 288 миллион теңге бөлінген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп ашқан тұлғалар тірлігін тіктеп, шаруасын табысты жүргізіп келеді.

Мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп отырғандардың бірі, Айбек Ибрагимов. Ол колледжді тәмамдаған соң бірнеше жыл мал дәрігері болып жұмыс істеді. Біраз тәжірибе жинақтаған соң жеке кәсіп бастап, ветеринарлық дәріхана ашуды көздейді. Алайда қаржының жоқтығы оған қол байлау болды. Біраз ойланып бизнес жобасын ұсынып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» жүгінеді. Мамандар кәсіпкерлік идеясын қарап шығып, бірден қолдау көрсеткен. Мал дәрігері 6 миллион теңге көлемінде несие алып, Құлан ауылынан ветеринарлық дәріхана мен шағын жануарларды емдейтін клиника ашты.

Айбек Ибрагимов, мал дәрігері:

– Осындай УЗИ аппарат болса екен деп армандайтынмын. Қорықпай бастау керек. Қорықпай бастасақ, бір нәтиже болады. Өте жақсы тиімді. Төрт-ақ процент.

Бөлінген қаражатқа қажетті заманауи құрал-жабдықтарды сатып алды.  Қазір Айбек бүтін бір ауданның шаруаларына қызмет көрсетіп отыр. Білікті мал дәрігерінің қызметіне ауылда сұраныс жоғары. Бұл ауыл шаруашылығын қолдау қоры тыныс берген бір кәсіп иесі ғана. Өңірде жыл басынан бері осындай 357 тұлға несие алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Ринат Абдуллаев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ЖОФ директорының орынбасары:

– «Еңбек» бағдарламасы аясында шағын несиелер 6 процентпен беріледі. Ал әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыларға 4 процент. Біздің екінші деңгейлі банктерден артықшылығымыз, жылдық үстемақы өте төмен. Қызмет пен бизнес түріне қарамастан әрбір тұлғаның ыңғайына қарай кесте жасалады. Несие алу үшін қойылатын кепілдік саясаты да қолайлы.  Бұл әсіресе, ауыл тұрғындары үшін тиімді.

Былтыр 1400-ден астам жамбылдық шағын несие алып, нақты осыншама жоба қолдау тапты. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып отыр. Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға «Еңбек» бағдарламасымен 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қазір оның  33 проценті игеріліп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

 

Хабар 24 телеарнасы