431,68 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордалықтар тұрғын үйді жөндету үшін мердігерді өздері таңдайды

  • 355
  • UPD: 08:48, 16.06.2020

Қызылорда қаласындағы 815 көп қабатты үйдің жартысы жөндеуді қажет етеді. «Тұрғын  үй-коммуналдық шаруашылығын  жаңғырту » бағдарламасы аясында 134 үйдің қасбеті түзеліп, шатыры мен жертөлесі бүтінделді. Қазір 32 үй күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл ретте тұрғындар құрылыс мекемесін өздері таңдап, жұмысын бақылап, нысанды қабылдап алады.

Абай даңғылы мен Ғани Мұратбаев көшелерінің қиылысында орналасқан мына үйлер жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген. Есіктері алқам-салқам, шатыры шұрық-тесік үйдің тұрғындары жаңғырту бағдарламасының талаптарына қуана келісім берді. 

Жұлдыз Ахметова, қала тұрғыны:

- Жаңғырту жұмыстары басталды, көңіл толады әзірге жақсы істеліп жатыр. Келген кезімізде маса бар тұғын, қазір жәймендеп жоқ бола бастады. Шатыр, жертөле, баспалдақтар апатты жағдайда тұрған. Соларды дұрыстады, қайта құйып, жөнге келтірді

Төле би көшесіндегі силикат кірпіштен соғылған 5-қабатты үйлер 90-жылдары толық салынбаған күйі қоныстанушыларға беріліп кеткен. Шатыры жартылай жабылып, жертөлесі құрғап көрмеген үйдің тұрғындары да жаңғыртудың кезегін көптен бері күтіп жүрді. Қазір бұл аумақта қызу тірлік. 

Алмағанбет Жүнісов, қала тұрғыны:

- Ұнамайтын жері көп тұғын. Модернизацияға іліндік әйтеуір. Барлығын қадағалап отырмыз. Өте жақсы жасап жатыр. Әзірге қанағаттанарлық болып тұр. Енді болашақта қабылдау актісіне бәріміз қатысамыз. Бірге қабылдап алып, той болайын деп тұрған сияқты.

Ерлан Бердібаев, қала әкімінің орынбасары:

- Біреу 5-қабатта тұрады, біреуі 1-қабатта тұрады. Біреу шатырға қатысым бар дейді. Біреуі өжіреге қатысым бар дейді. Сондықтан мына бағдарлама бәріне бірдей әділетті түрде бөлінеді. Өйткені ортақ иеліктегі меншік болып табылады көпқабатты үйлер. Құрылыс материалдарының негізгі бөлігі жергілікті материалдар. Сосын жөндеу жұмыстарымен айналысатын мердігер компаниялардағы жұмысшылардың барлығы осы Қызылорда қаласының тұрғындары. Сондықтан осы бағдарлама өте тиімді, ыңғайлы бүгінгі күнге.

Тұрғындардың баспанасын бүтіндеп, жайлы мекенге айналдырған жобаны жалғастыру мақсатында тағы 26 үйді жаңарту жоспарда бар. Оған бір жарым миллиард теңгеге жуық қаражат керек. Қазір бюджеттік өтінім қарауда жатыр.  

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы