418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысындағы ауыл ауыз су тапшылығынан құтылатын болды

  • 204
  • UPD: 12:11, 16.06.2020

Қостанайоблысының Бейімбет Майлин ауданындағы ауылдардың жартысы ауыз су тапшылығын тартып отыр. Мәселен, Валерьянов елді мекенінің тұрғындарды қысы-жазы іргедегі қаладан тасып ішеді.

Ал көлігі жоқтары ауылдағы құдық суын тұтынуға мәжбүр. Оның сапасы күмән тудырады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе биыл оң шешімін табады. 

Мағауия Қалиев, тілші:

- Бес жүзден астам  халқы бар Валерьянов ауылы Лисаков қаласына жақын орналасқан. Іргесінде Тобыл өзені ағып жатыр. Соған қарамастан жергілікті тұрғындар сонау кеңес дәуірінен бері ауызсуға зәру. Мынау ауылдағы ішуге жарамды деген жалғыз құдық. Оның суы да аздап кермек татитындай. 

Бұл сөзімізді  ауылдың байырғы тұрғыны Сейітқали Құлшықбаев та растап отыр.  Ол құдық суын тек тұрмыстық қажеттілікке пайдаланады. Ал ішуге 5 литрлік пластмасса ыдыстарын көлігіне тиеп алып, 10 шақырым жердегі қала іргесіндегі бұлақтан тасиды. Жаз мезгілі үйтіп-бүйтіп жеткізерсің, қыста қиналып қаламыз-дейді ауыл тұрғыны.  

Сейітқали Құлшықбаев, Валерьянов ауылының тұрғыны:

-  Ал енді қыс мезігілі көретін азабымыз айтары жоқ. Ол қыс мезігілі суды алып келу, ол  алтынды жерден қазып алғанмен тең. Қар деген борап тастайды, машинамен жете алмайсың. Қаланың шетіне қойып, жаяу барып, шанаға салып, шанамен алып келесің машинаға. 

Біз барған кезде ауыл сыртындағы алаңда қазба жұмыстары жүріп жатты. Сұрап білсек, кешенді су сорғыш станциясының құрылысы басталыпты. Мұндағы жерасты суы жарамсыз болғандықтан, құбыр Лисаков қаласынан тартылып жатыр.

Жәнібек Сәрсенбаев, учаске басшысы:

- Әрқайсысы 200 текше метрден екі бөшке, су мұнарасы, сүзгі, сорғы станциясы орнатылады. Бұл көлем ауыл тұрғындарын ғана емес, жергілікті халықтың  төрт түлігін, бау-бақшасын қамтамасыз етуге жетеді. 

Жарты миллиард тенгеге бағаланған бұл жобаны мердігер қазан айына дейін аяқтаймыз деп отыр.Жалпы өткен 5 жыл ішінде Бейімбет Майлин ауданында үщ елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Бірақ өркениеттің игілігін көріп отырғандарды көп деуге келмейді.Мысалы аудандағы 36 ауылдың 17-сі ғана су құбыры тартылған.           

Қайрат Көбенов, Бейімбет Майлин ауданының бас сәулетшісі:

 - Қазіргі кезде Красносельский ауылына су құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Сондай-ақ Майский деген ірі елді мекенді орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтудың құжаттарын әзірлеуге бюджеттік тапсырыс берілді. 

Осы жобалар алдағы екі-үш жылда жүзеге асса, аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 90 процентке маңайлап қалады дейді әкімдіктегідер. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы