418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында «Қазәуеорманқорғау» мекемесі әуеден бақылау жұмысына кірісті

  • 157
  • UPD: 17:57, 16.06.2020

Жаздың ыстық күндері басталғанда, Алатауда өрт шығу қаупі артады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, Жетісудың өзендері бастау алатын жерлерде ауа температурасы жоғары, шөбі де қалың болып келеді. Егер өрт тұтана қалған жағдайда лапылдаған алау таудағы орманды отқа орауы ықтимал.

Сондықтан «Қазәуеорманқорғау» мекемесі әуеден бақылау жұмысына кірісті.

Патрульдік ұшақ Іле-Алатауының тау сілемдерін бойлай ұшып келеді. Экипаждың міндеті – жоспарлы бағыттан ауытқымай, шатқалдар мен жыра-сайларда шығуы мүмкін түтінді байқап, өрттің жайылып кетпеуін бақылау. Солтүстік Тянь-Шань тауларында қазір қауіпті кезең. Ауа райы күрт өзгеріп, дауыл соғып, найзағай ойнайды. Осындай кезде былтырғы қураған шөп тез тұтанады.

Якупжан Ибрагимов, «Авиаорманқорғау» ММ Алматы бөлімшесінің бақылаушы ұшқышы:

– Маршруттың аумағына Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі, Шелек орман шаруашылығы, Ұйғыр орман шаруашылығы, Кеген орман шарушылығы, Жаркент орман шаруашылықтарының аумақтарын қорғау жұмыстарын жүргіздік.

Іле өзенінің бойы қамысты, қалың бұтақтар мен тоғайлы келеді. Шөбі шүйгін болған соң жабайы аңдар көп. Бұл маңда халық та тығыз орналасқан. Сондықтан өрт шыға қалса, жалын кең ауқымды жалмауы мүмкін. Оған жол бермеу үшін әуеден бақылау рейдтері жиі өткізілуде.

Якупжан Ибрагимов, «Авиаорманқорғау» ММ Алматы бөлімшесінің бақылаушы ұшқышы:

– Бүгінгі күнге дейін таулы аймақтарда өрт болған жоқ. Бұдан кейінгі уақыттарда ауа райына, адамға байланысты өрттер болып қалуы мүмкін. Бізге енді болмағаны дұрыс. Табиғатты өрттен қорғағанымыз дұрыс.

Жалпы 920 шақырымдық аумақты бақылаушы топ 5 сағаттай шарлайды. Ал кезекті рейдке шыққан АН-2 ұшағы теңіз деңгейінен 2 700 метр биіктікке дейін көтеріле алады. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Мұхит Кұдыкбаев

Хабар 24 телеарнасы