476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

COVID-19: Семейдегі жұқпалы аурулар ауруханасында орын жоқ

  • 832
  • UPD: 21:08, 16.06.2020

Семейде жұқпалы аурулар ауруханасы дертке шалдыққандардан толып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір облыстағы тіркелген науқастардың 66 проценті осы шаһарға тиесілі. Оның үстіне қауіпті дертке жұрттың селқос қарауы да жағдайды күрделендіріп отыр

Тұрғындар карантиндік шектеулерге жете мән бермейді әрі қарапайым сақтық ережелерін сақтамайды деп налиды мамандар. Жасырын жиын тойлар да өтіп жатыр. Сондықтан арнайы мониторингтік топ рейдтік шараларды да жиі өткізуге мәжбүр.

Семей қаласында қауіпті індет жұқтыру дерегі наурыздың соңында тіркелген еді. Содан бері карантиндік шектеу шаралары қолға алынып, тәуір нәтиже берген. 2 ай шамасында емдеу мекемесіне 8 науқас қана түсті. Алайда мамыр айының соңы мен маусым айында эпидахуал күрт күрделеніп, науқастар саны еселеп артты.

Найля Әлменева, қалалық жедел штабтың медициналық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі:

– Өкінішке қарай, халық әлі де бұл дертке сенбей, селқостық танытуда. Әлеуметтік ара қашықтық сақталмайды, көбі бетперде тақпайды. Мәселен, жақында табиғат аясына демалуға шыққан бір науқас адам 35 тұрғынға инфекция жұқтырды. Бұл дегеніңіз, өте ауыр жағдай. Қазір тіпті жұқпалы аурулар ауруханасында орын жоқ. Сондықтан біз қала тұрғындарынан карантиндік шектеулерге жете мән беруге шақырамыз. Әрқайсымыз жауапкершілікті күшейтсек, эпидахуалды түзете аламыз.

Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қаладағы қоғамдық тамақтану орындары жұмысын қатаң талаптарды сақтай отырып жүзеге асыру керек болған. Алайда арнайы тексеруге шыққан мониорингтік топ үстелдер санын 2 есе азайтып, санитайзерлер қою сияқты ережелердің сақталмайтындығын анықтады. Тіпті жиын-той өткізіп жатқандар да бар екен.

Берік Тілебалдин, қаланың бас санитарлық дәрігері:

– 11 мекемеден өрескел тәртіп бұзушылық анықтадық та, оның алтауына ескертпелер берілді, бесеуіне әкімшілік шара қолдану жөнінен іс қозғалып, прокуратура ары қарай сотқа жолданады. Сот тиісінше шешімін шығарады. Сот шешімінде ол ақшалай айыппұл да салынады, өрескел тәртіп бұзған мекеменің жұмысын шектетіп, жабуға дейін барады.

Маусым айының көрсеткіштері бойынша, орташа есеппен қалада күн сайын 8 науқастан тіркеліп отыр. Талдау нәтижиесі көрсеткендей, жұқтырғандардың көпшілігі – әлеуметтік деңгейі жоғары және белсенді азаматтар екен. Сондықтан дәрігерлер ауырып емделгенше, ауырмайтын жол іздеп, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы