422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында Есік өзенінің тартылуынан жергілікті шаруалар сусыз қалды

  • 469
  • UPD: 21:02, 16.06.2020

Отыз екі мұздықтан нәр алатын Алматы облысындағы Есік өзенінің суы тартылып, арнасы кеуіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзен Алматы облысындағы Есік қаласын қақ жарып өтеді. Жергілікті фермерлер мен саяжай тұрғындары да осы өзеннің суымен бау-бақшасын суғарып келген. Қазір су тапшылығынан қиналып отыр. 

Кезінде арыны қатты Есік өзенінің қазіргі жағдайы осындай. Ол тау басындағы көл суларының есебінен толығып отыратын. Биыл Есік көлі де саяз. Сондықтан таудан келетін су жоқтың қасы.

Іле Алатауының шыңында жыл сайын көлді толтырып отыратын 32 мұздық бар. Әдетте маусым айында мұздықтар еріп, артық су Есік өзеніне жіберілетін. Егістік пен бау-бақшаға су сол жерден алынатын.

Бірақ жаздың алғашқы айы салқын болғандықтан, мұздықтар қажетті мөлшерде еріген жоқ. Көлге құйылатын аздаған су жақын маңайда тұратындардан артылмай тұр.

Динара Төлемісова, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Қазіргі уақытта Есік көліне секундына 4,4 текше метр су келіп жатыр. Соның 4,2 текше метрден астамы суғаруға жұмсалады. Су болғандықтан, жерге сіңеді. Сол себепті 3 текше метр су тапшылығы бар. Сондықтан су Есік өзеніне емес, ауыл шаруашылық жерлеріне беріліп отыр.

Мамандар қазіргі уақытта «нөлдік изотерма» деген сөзді жиі айтып жүр. Ол теңіз деңгейінен үш мың метр биіктікте ауа температурасы салқын дегенді білдіреді.

Еркін Ахметов, «Қазселденқорғау» ММ филиал басшысы:

– Әрине, бұл табиғаттың, ауа температурасының өзгеруіне байланысты. Бүгінгі таңда 3 мың, 4 мың метр биіктіктегі мұз көлдердің толық судың беті мұздардан еріп, ашылмауына байланысты кейде су көлемдері аз, кейде көп болып өзгеріп тұрады.

Енді бір үміт шілде айында. Күн ысыса, мұздықтар да ери бастайды дейді мамандар. Бірақ Есік тұрғындарына су дәл қазір керек. Ал бұл күндері Алатаудың басын бұлт торлап тұр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Шапағат Қуатбекова

Хабар 24 телеарнасы