422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Каспий жағасындағы қаланы көгалдандыру жайы қашан шешіледі?

  • 429
  • UPD: 23:02, 16.06.2020

Уақытында суарылмаған жасыл желек қуарып, солып, барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаруаны дұрыс ұйымдастыра алмағаны үшін шаһар әкімі Ғалымжан Ниязов облыс басшысынан сөгіс алды.

Әдетте талдарды суғару Ақтауда мамыр-қыркүйек айлары аралығында жүргізіледі. Бірақ ылғалдың жеткілікті мөлшерде құйылмайтыны – жыл сайын қайталанатын көрініс.

Рас, Ақтауды көгалдандыруға дайындық қаңтардан бастап жүреді. Жыл сайын қала бюджетінен млрдтап қаржы бөлінеді. Тендер ойнатылады. Биыл 840 млн теңгені «Атамекен» мүгедектерді қолдау қоғамы» қоғамдық бірлестігі жеңіп алды. Оның қызметкерлері аптасына бес күн шағын аудандарды аралап, тал мен гүлзарларды суарады. Айтуларынша, тәулігіне отызға тарта су құйғыш машина қала ішінде жүреді.

Қарлығаш Беркімбаева, «Атамекен» мүгедектерді қолдау қоғамы» ҚБ өкілі:

– Біз өз алдына дербес суару жүйесін жасауды ұсындық. Бұл ретте қаланың әр бұрышына сыйымдылығы 5 мың литрлік ыдыстар қойылады. Оған құйылған су таңғы және кешкі мезгілде гүлзар немесе тал көшеттеріне бүріккіш құрал арқылы шашылады. Есесіне, су құйғыш машиналар күніне 4-5 рейс жасаудан босайды. Яғни олар басқа да қажеттіліктерге жеткілікті болады. Жұмысшылардың да басқа шаруалармен айналысуына мүмкіндік туады.

Жаңа тәсілдің тағы бір тиімді тұсы – пәтерлерге берілетін су қысымын төмендетпейді. Яғни қала ішіндегі жасыл желекті суғару арнайы машиналардың көмегімен және орталық су желісі арқылы жасалады. Десек те, жаңа технологияның қолданысқа қосылуы әзірге екіталай. Өйткені, ыдыстағы суды бүркіп шашуға сорғы қондырғылар алу керек. Ол бастапқы келісімшартта көрсетілмеген. Келесі мәселе – тапсырыс беруші қала әкімдігінің бірлестік қызметіне көңілі толмауында. 

Айбек Ербөлеков, қалалық ТКҮШ бөлімінің бас маманы:

– Суару жүргізіледі. Бірақ толық емес. Кіреді, бірақ шағын ауданды толық қамтып шықпайды. Қала тұрғындарынан сол мәселелер бойынша наразылық өте көп туындауда. Келісімшартта қарастырылған техникалық ерекшеліктерде 65 суару техниксы болуы керек. Алайда біз мониторинг жүргізгенде, 16 водовоз анықталып отыр. Сол себептен олар үлгермей жатыр.

Қоғамдық бірлестік ай соңында атқарған шаруалары жайлы ақпарат жазылған құжаттарды әкімдікке тапсырады. Оларға төленуі тиіс соманы да көрсетеді. Алайда тапсырыс беруші мониторингтік бақылау нәтижелерін алға тартып, бұған дейін берешегін 4 рет қысқартыпты. Осылайша қала билігі мен жасыл желекті суғаруға жауаптылар мәмілеге келе алмай жүр. Ал талдар мен гүлзарлар күн астында қурап барады. Өзекті мәселенің биыл да қайталануы әкімнің беделіне нұқсан келтіргені анық.

Самат Сүлей, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

– Суару мәселесі көгалдандыру жұмыстарының төмендігіне, сапасыздығына байланысты қала әкіміне сөгіс жарияланды. Бұған дейін де ол хаттамалық тапсырма ретінде берілген болатын. Бір мәселені ескеруіміз керек, облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың барлығы халықтың өмір сүруіне қолайлы мәселе екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан берілген тапсырманың барлығы қашанда бақылауда тұрады.

Шаһар басшысына кеше берілген сөгістен күні ертең оң нәтиже шығару мүмкін емес. Ендігі ретте билік өкілінің хаттамаға түскен жауапты тапсырманың дер кезінде нәтижелі орындалуына белді бекем буып, жұмыстанары анық.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы