420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да құйынның кесірінен жүзден астам ғимарат бүлінді

  • 424
  • UPD: 15:37, 17.06.2020

Кеше кешкісін шығыстағы Аягөз қаласында соққан қатты дауылдың шығындары әлі нақты есептелген жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бұл жұмыспен аудандық әкімдік жанынан құрылған комиссия айналысып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 7 адам зардап шегіп, 100-ден астам ғимаратқа зақым келген. Электр қуатын қалпына келтіру де дамылсыз жүріп жатыр. Ол үшін арнайы мамандардан құралған бригада жасақталған.

Бұл – Аягөз қаласының батысындағы Мамырсу ауылы тұрғындары түсірген бейнекөріністер. Алғашында алыстан көрінген құйын біртіндеп қалаға тақалып, орталық көшелермен жүріп өткен. Тіпті, желдің күштілігі сонша ағаштарды тамырымен қосып жұлып алған.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетіпті. Салдарынан 19 көпқабатты, 72 жер үй және он шақты әлеуметтік нысанға зақым келген.

Иіскүл Тамтықова, Аягөз қаласының тұрғыны:

– Бұл жағдай өте қиын соғып тұр. Қаламыздың көпшілік жерлері, тұрғын үйлері мен сауда үйлері зардап шекті. Біздің Алтынсарин көшесі 17-ші үйдің шатыры толығымен ұшып кетті. Төтенше жағдайға байланысты аудандық әкімшілікке арыз, өтінішімізді жазамыз.

Қатты дауылдан электр бағаналары құлап, сымдар үзілген. Соның кесірінен 10 мыңға жуық абонент жарықсыз қалды. Қазір арнайы мамандардан құрылған 5 бригада дамылсыз қалпына келтіру жұмыстарымен шұғылданып жатыр. Әзірге 700-ге жуық үй әлі де электр қуатынсыз отыр.

Дмитрий Титов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Жағдайдың бәрі бақылауда. Жарықты қалпына келтіру бойынша 19 адамнан тұратын апаттық бригадалар күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Ал әкімдік жанынан құрылған комиссия әрбір нысан мен үйлерді аралап, шығындарды нақтылап жатыр. «Қазгидромет» мәліметі бойынша, жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жететін дауыл бүгін де облыс аумағында қайталануы мүмкін.

Дәрігерлер көмегіне 7 адам жүгініп, оның алтауы жеңіл жарақатына байланысты үйлеріне жіберілген. Ал бір адам миы шайқалып, аудандық ауруханада ем алып жатыр. Табиғат апатынан келген шығындар комиссия жұмысы аяқталғанда мәлім болады.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Мерей Мұратханқызы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы