420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде жаңадан салынған мектепке байланысты шу шықты

  • 338
  • UPD: 08:13, 18.06.2020

Тұрғындар Білім мекемесінің қирай бастағанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда қасбеттің жабындысы түсіп, төбесінен су сорғалап, ауласын абаттандырудың ақсап тұрғаны көрсетілген.

Ахмер кентіндегі бұл мектеп екі жылда салынып, өткен жылдың желтоқсанында әкімдікке тапсырылды. Алайда алты ай өтпей жатып, кемшіліктер де анықтала бастады. Әсіресе, білім мекемесі ауласындағы қоршаудың қисайып, балалар алаңының қалай болса солай жасалғаны көзге ұрып тұр.

Мектеп ауласын абаттандырып, коммуникация және инфрақұрылым жарақтау жұмыстарына 511 миллион теңге қаражат бөлініпті. Енді оған жауапты мердігер мекемеге көрсетілген кем-кетіктерді қалыпқа келтіру үшін 3 апта уақыт берілді.

Мерей Әкімжанов, құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

– Бордюр тасы дұрыс төселмеген. Балаларға арналған алаңға қиыршық тастар дұрыс төселмеген және соны көктемде еріген суға байланысты ақаулар көрінген, соны мердігер компаниялармен жөндеу атқарылып жатыр.

Ал мектептің өз басын салуға басқа құрылыс компаниясы жауапты.Одан да аздаған кемшіліктер анықталған. Қасбеттегі жабынды сөгіліп, конусты төбеден су тамшылапты. Алайда барлығы әп сәтте жөнделген екен. Білім ордасын барлық талапқа сай салып шықтық деп шырылдаған құрылыс компаниясы ондағы әрбір сыныпты, әрбір бөлмені әрлеп жабдықтауға үлкен мән бердік дейді. 12 мииллион теңгеге роботты кабинетті өз күштерімен жабдықтап, бақылау мониторларын да жеке қаражаттарына құрыпты.

Ішкі безендіруде тек қауіпсіздікке емес, дизайнерлік ұстанымға да басымдылық берілген. Өйткені білім ошағының заманауи үлгіде болуы шарт. Сондықтан кепілдік бойынша жөнделетін кем-кетікке бола бүкіл еңбектерін жоққа шығарған әкімдікке өкпесі қара қазандай.

Азамат Нұрсұлтанов, мердігер  компанияның қаржылық директоры:

– Ол кепілдіктерді әрқашан орындауға дайынбыз. Біз бұл мектепті салар кезде, Назарбаев зияткерлік мектебінің сапасынан кем болмасын деген оймен сол талаптарды орындауға атсалыстық, біріншіден балалардың мәдениетін көтеру үшін, білім сапасын көтеру үшін және балалар оқыған жерінде өздерін жайлы сезіну үшін.

Білім ордасының әрбір шегесі дұрыс қағылып, әр кірпішінің түзу қаланғаны керек дейді білім бөліміндегілер. Олар қазірден бастап мектептерді оқу жылына сақадай сай тұруын қадағалауға көшкен.

Ақерке Абылайхан, қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Қарап отырсыздар, қалай көркемделгенін, дизайнерлік жағынан, мектеп ішіндегі пән сыныптары жақсы жабдықталған, дегенмен әр құрылыс жұмысында мәселелер туындайды.

Мектеп құрылысына 2 миллиард 400 миллион теңге бөлініпті. Өткен қыстың желтоқсанында салынып біткен білім ошағы күзде мың баланы қабылдайтын болады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы