423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында карантин талаптары қатаңдатылды

  • 352
  • UPD: 21:52, 18.06.2020

Қостанай облысында бүгін түнде санитарлық бекеттер қайта қойылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта  эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Небәрі бес тәулікте қауіпті індеттің өсімі 26 проценттен асқан. Карантин талаптары жеңілдетілгелі тұрғындар қарапайым сақтық шараларын ұмытып, коронавирусқа шалдыққандар саны өрши түсті.

Осыдан бір ай бұрын облыста блок-бекеттер алынып тасталған. Бүгін түнде үшеуі қайта жұмысын бастайды. Санитарлық учаскелер облыс орталығынан Рудныйға, Әулиекөл ауданына және Арқалық пен Амантоғай ауылы бағыттарына қойылады. Алайда көлік қозғалысына ешқандай шектеу болмайды.

Виталий Цой,ПД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:

– Көліктерді тоқтату кезінде жүргізуші мен жолаушының дене қызуын өлшейміз. Егер коронавирустың белгілері анықталса, онда бекітілген алгоритм бойынша әрекет етеміз. Күмән тудырған тұлғалар медицина қызметкерлеріне жолданады.

Облыста карантинді босаңсытудың бірнеше кезеңі өткен. Алайда бұл коронавируспен күресте нәтижесін бермеді. Керісінше, індет өрши түсті. Қазір COVID-19 инфекциясының 247 жағдайы тіркелген. Өз кезегінде бұл жедел штабтың қатаңдату нормаларын қабылдауына түрткі болды.    

Владимир Нечитайло, облыстың бас санитарлық дәрігері:

– Маусымның 1-і мен 7-сі аралығында дертке 29 адам шалдықты. Өсім шамамен 16 процент болды. Ал 8-нен 15-не дейінгі аралықта 26 процентке артты. Қауіпті күннен-күнге тіркеліп жатыр.

Маусым айының соңына дейін аттракциондар, караоке-бар, боулинг, тату, массаж салондарының қызметі уақытша тоқтатылады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары, сұлулық салондары, дүкендер, базарлар мен білім беру орталықтарының жұмыс кестесі қысқартылады. Мемлекеттік қызметшілердің 80 проценті қашықтан жұмыс істеу режиміне көшеді. Жаңа шектеулермен қатар, бұған дейін енгізілген тыйым салынған талаптар өзгеріссіз қалады.

Владимир Нечитайло, облыстың бас санитарлық дәрігері:

– Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Түнгі клубтар, кальян шегетін нысандар, букмекерлік кеңселердің жұмысы да тоқтатылады.

Жаңа шектеулер облыста маусым айына соңына дейін болады. Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда, бұрын енгізілген карантиннің босаңсуы жойылады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы