432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда жүрген 300-ге жуық шетелдік елдеріне қайта алмай отыр

  • 298
  • UPD: 22:13, 18.06.2020

«Ертерек елімізге қайтқымыз келеді. Бірақ бізді іздеп, керек етіп жатқан ешкім жоқ!»

Бұл 15 күннен бері Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» қазақ-өзбек шекара бекетінде жатқан Тәжікстан азаматтарының жанайқайы. Қазақстанға жұмыс істеуге келген 300-ге жуық адам елдеріне қайта алмай отыр.

Қазақ-өзбек шекарасындағы «Жібек жолы» бекетінде жатқан тәжік азаматтарының көбі – Қазақстанға жұмыс іздеп келген жастар. Арасында жас балалар мен әйелдер, тіпті қарт кісілер де бар. Шекара жабық болғандықтан 15 күннен бері далада түнеуге мәжбүр. Әлемді әбігерге салған пандемияның салдарынан шекаралар жабылғанда бұлар Қазақстанда қалып қойған. Енді елдеріне қайта алмай отыр. Ұзын саны 289 адам. Олардың ендігі бар үміті еліміздегі Тәжікстан Республикасының елшілігінде. Алайда әзірге елшіліктен еш хабар жоқ дейді.

Сухраб Джураев, Тәжікстан Республикасының азаматы:

– Қазақстанға жұмыс істеуге келгенбіз. Енді қайта алмай отырмыз. Ақшамыз да  таусылды. Неше күннен бері осы жерде жатырмыз. Елшілікке хабарлассақ, ешкім жауап бермейді. Қашан қайтатынымыз белгісіз. Егер Тәжікстан бізді қабылдайтын болса, өзбек жағы өткізуге дайын екенін жеткізді. Бірақ Тәжікстан тарапынан хабар болмай отыр. Жергілікті халыққа рахмет, ас-суымызды әкеп беріп жатыр.

Әлішер Орынбаев, Тәжікстан Республикасының азаматы:

– Мұнда жатқан әрбір азаматтың отбасы, күтіп отырған бала-шағасы бар. Бәрі де отбасына оралғысы келеді. Әрбір азамат өз жеріне, еліне қайтуға құқылы деп ойлаймын. Бұл жердегі азаматтардың 80 пайызының құжаттары дұрыс емес, яғни тіркеу мерзімі өтіп кеткен. Тіпті, депортацияланғандары да бар. Жергілікті жұрт жұмыс ұсынғанымен, еңбекке жарамсыз болып отырмыз. Өзіңіз қараңызшы, осындай жағдайда қалай күн кешуге бола ма? Өз азаматтарын қабылдамай жатқан үкіметімізге өкпеліміз. Бізді іздеп жатқан ешкім жоқ. 

Ал шекарада Өзбекстан азаматтарымен ешқандай мәселе жоқ. Көрші елдің Қазақстандағы елшілігінің қызметкері Бахтиер Камоловтың айтуынша, қазір Тәжікстан үкіметімен мемлекеттік деңгейде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Егер Тәжікстан жағы азаматтарын қабылдауға келіссе, өзбекстан тарапы жасыл дәліз құрып, шығарып салуға көмектеспек.

Бахтиер Камолов, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы елшілігінің еңбек миграциясына жауапты қызметкері:

– Карантин басталғалы бері қазақ-өзбек шекарасына елге қайту мақсатында азаматтар әлі де келіп жатыр. Тәжікстан Республикасының азаматтары соңғы бір айда 200-ден асып кетті. Үкімет тарапынан тиісті қаулы қабылданғаннан кейін Тәжікстанның Қазақстандағы елшілері тиісті шараларды қолға алуы керек. Бұл жерде Қазақстан не өзбекстандық шекарашылар емес, мемлекеттік деңгейдегі келіссөздер аяқталғаннан кейін Өзбекстан аумағы арқылы Тәжікстан азаматтарын өткізуге еш кедергі жоқ.

Сарыағаш ауданының әкімдігі Тәжікстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өз мойнына алған. Сондай-ақ демеушілердің есебінен ас-ауқатын әзірлеп беріп отыр.

Мұхит Отаршиев, Сарыағаш ауданының әкімі:

– 2 аптадай уақыт болды, біз бұл азаматтарды бір реттік ыстық тамақ, су тағы да қажетті гигеналық басқа да заттармен қамтамасыз етіп жатырмыз. Демеушілер мен еріктілер қолғабыс етіп жатыр. 1-2 күнде тәжік азаматтарының мәселесі толық шешіледі деген жақсы хабар естідік.

Күте-күте төзімі таусылған жұмысшылардың өз еліне қайтар күні де алыс емес. Бірақ өз азаматтарын еліне қайтаруға асықпаған тәжік билігіне мигранттардың өкпесі қара қазандай.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы