420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елде тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы құрылады

  • 346
  • UPD: 22:24, 19.06.2020

Яғни «Бәйтерек» холдингінің үш еншілес ұйымы бірігеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халыққа қолжетімді баспана ұсынатын бағдарламалар бір мекеме аясында жүзеге асады. Бұл әкімшілік шығындарды азайтып, бір-біріне ұқсас көптеген операцияны жояды.

Қазақстанда тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы құрылады. Ол 9 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен заң аясында іске асады. Баспанаға қатысты мәселелерді жүйелейтін жаңа ереже 1 шілдеден бастап қолданысқа енеді.

Әнуәр Омарқожаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Заңға сәйкес «Бәйтерек» холдингінің үш еншілес компаниясы бірыңғай операторға біріктіріледі. Олар «Қазақстан ипотекалық компания», «Бәйтерек девелопмент» және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры». Сондай-ақ «Даму» қорының құрылыс компанияларды субсидиялау функциясы да бұл операторға өтеді.

Бірыңғай оператор құру арқылы әкімшілік шығындар 40 процентке азаяды. Жаңа ұйым үй кезегінде тұрғандар мен банк салымшыларын қаржыландырады. Үлескерлік құрылыстың аяқталуына кепілдік береді. Құрылыс салушылардың кредитін субсидиялайды. Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жыл соңына дейін «Отбасы банкі» болып қайта құрылмақ. Ол тұрғын үйді есепке алу, кезекке қою және бөлуді бір терезе приницпі бойынша жүзеге асырады.

Әнуәр Омархожаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Нәтижесінде бірыңғай оператор халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Ал отбасы банкі азаматтарға жеңілдетілген несие алуға жағдай туғызады.

Осылайша бірыңғай оператор тұрғын үй салу мәселесін кешенді түрде шешіп, халықты қолжетімді баспанамен қамтудың қарапайым циклін құрады. Сонымен қатар құрылыс нысандарына коммуникацияны уақытында тартуға ерекше көңіл бөледі.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы