429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Берік Уәли: Дәрігерлердің қадірін анық түсініп жатырмыз

  • 635
  • UPD: 15:08, 21.06.2020
Берік Уәли: Дәрігерлердің қадірін анық түсініп жатырмыз Inform.kz

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

«Бүгін медицина қызметкерлерінің күні. Адам жанының арашасысы, дертке шипа беріп, сырқатты емдейтін ақ халатты абзал жандардың еңбегі қандай құрметке болсын лайық. Олар өз жандарын шүберекке түйіп, ауруға шалдыққан адамның өмірі үшін күресіп, күн мен түнмен санаспай, уақытпен есептеспей, отбасыларынан жырақта, алғы шепте жұмыс істеп, сауапты іс атқарып жүр. Әсіресе, дәл қазіргідей қиын-қыстау кезде, сын сағатында дәрігерлердің қадірін анық түсініп жатырмыз.

Осындай жанкешті жұмыс жолында жүрген әрбір азаматқа қауіпті індетке шалдығып, одан Сіздердің көмектеріңізбен жазылып, бүгінде қалыпты тіршілігіне қайта оралып жатқан емделушілердің атынан да алғыс айтып, алдарыңызда басымды иемін!

Еңбектеріңіз жемісті, кәсіптеріңіз өрісті болсын! Халық, ұлт денсаулығы жолында атқарып жатқан игілікті жұмыстарыңыз жалғасты да жемісті болғай! Біз Сіздерді құрметтейміз!

Осы орайда, Мәдениет және спорт министрлігі Медицина қызметкерлері күні қарсаңында қазақтың өнерлі азаматтарының дәрігерлерге алғыс арнаған видеосын жасапты. Бұл тек әншілердің ғана емес, тұтас халықтың ақ алғысы мен зор ризашылығы деп білемін. Осы тілекке мен де қосыламын. Сонымен қатар, Беріковтер отбасылық тобының «Дәрігерлерге мың алғыс» атты әніне бейне клип түсіріпті. Ән арқылы білдірілген ілтипат та жүрекке жылы тиеді екен. Бұл әнде де елдің Сіздерге деген ақ көңілі анық көрінген.

Аман болыңыздар, ақ халатты абзал жандар!» делінген жазбада.

Хабар 24 телеарнасы