425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көкаралға балық қорғау құрылғысы қойылды

  • 332
Көкаралға балық қорғау құрылғысы қойылды

Арал теңізіндегі Көкарал бөгетіне балық қорғау құрылғысы орнатылды.

Маңызды жобаға ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамы қаржылай қолдау көрсетті. Гидроакустикалық дыбыс беру арқылы балықты үркітетін қондырғы қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты арқылы патенттелген. Өндірістік негізде Қазақстанда алғаш рет іске асып отыр. Жобаның жалпы құны – 150 миллион теңге.

Мамандардың есептеуінше, жылына 50 миллиондай ірі балық түрі, табаны тұзға қуырылған аумаққа өтіп кетіп, қайта өрлей алмай қалады. Жыл сайын шамамен 2 миллиард теңгенің өнімі құрдымға кетіп жатыр деген сөз. Ал бұл құрылғы теңіз байлығын сақтауға септігін тигізеді. Қазір жергілікті табиғат пайдаланушылары Аралдан жылына 8 мың тоннадай балық аулайды. Теңіз қоры молайса, су маржанын терген жұрттың нәпақасы да арта түсері хақ.  

Болат Бекнияз, Халықаралық Аралды құтқару қорының директоры:

– Көкарал бөгетін салғанда, балықтың өту жолдарын қарастырмаған. Уылдырық шашарда балық жоғарыға өрлейді. Осы мәселені ғалымдар, балықшылар, сушылар және халықаралық ұйым өкілдерімен бірге талқылап, осы балық қорғау құрылғысын бөгеттен 150 метр бері қоюды жөн деп таптық. Бұл – екі жылға арналған тәжірибелік жоба. Үлкен теңізге өтетін балықтың 50 процентін сақтап қалсақ, соның өзі үлкен жетістік. Жоба тиімділігін дәлелдесе, еліміздің өзге де су айдындарында гидроакустикалық қондырғыны пайдаланатын боламыз.

Хабар 24 телеарнасы