424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысында малшылар мен сауыншылар жетіспейді

  • 287
  • UPD: 22:38, 22.06.2020

Атырау облысында малшы-сауыншыға сұраныс жыл санап артып келеді.

Қазір мыңдап мал ұстап отырған шаруашылықтар бақташы таппай қиналып жүр. Салдарынан сиыр сауылмай, қымыз-шұбат өндірілмей, шаруалар тек малдың басын өсіріп, сатумен ғана шектеледі. Бұл тұрғындарды табиғи таза азық-түлікпен қамтуға, ал қожалықтарды қыруар табыстан қағады.

Бұл шаруашылық биыл қыстан күйлі шықты. Қазір бағымда 60 бұзаулы сиыр мен 30-дың үстінде бие құлындап тұр. Ұтымды тұсын тапса, аққа қарық болатын шақ. Алайда барды ұқсата алмаған бақташылар шайдың сүтін қаладан тасымалдайды екен.

Райыс Серікбайұлы, малшы:

- Сауатын адам жоқ, ер адамдар. Сүтті өздері әкеліп беріп тұр, оған бізде уақыт жоқ.

Қызылқоға адуаныдағы «Құрман» шаруа қожалығы биыл тауарлы сүт фермасын құрмақ. Қазір ауыл іргесіне қадасы қағылған құрылыс бой көтеріп қалған. Қожалықта 650 бас мүйізді ірі қара мен 150 түйе, 500ден астам жылқы бар. Барлығы дерлік төлдеген. Демек өнім өндіруге шикізат жетерлік. Тағы да сол проблема – бақташы мен сауыншы жоқ. Амалы құрыған шаруалар малды ауыл шетіне әкеліп, жалдамалы жұмысшыларды ұстауға мәжбүр.

Құрманбек Жаңабаев, қожалық жетекшісі:

- Малшы мәселесі қазір шаруашылықтарға өзекті мәселеге айналып отыр. Қиын. Малшы таптырмайды. Айлығын беріп жатырмыз. 100 мың теңге төлеймін. Қазір БҚО облысынан келеді, соларды алдырамыз.

Рас, ала қырда малдың соңында жүруге екінің бірі құлшыныс таныта бермейді. Оның басты себебі – мал қыстақтары мен жайлауларда бақташылар үшін тұрмыстық жағдай кемшін. Интернетпен келген өркениетті айтпағанда, қарапайым электр жарығы жоқ. Отынға қи мен тезек жағылады. Ондай тірлікке екінің бірі шыдай алмасы анық. Инфрақұрылымның жоқтығы өнім өндіруге де қолбайлау. Бүгінде мұнайлы өңірде қымыздың 1 литрі 1500, шұбат 1200, ал қолдың қаймағы мен майының келісі 2000 теңге. Барлығы дерлік көршілес облыстардан, қала берді Ресейден тасымалданады. Ет өнімдері де солай. Ал жергілікті фермерлердің бар бизнесі малдың басын көбейтіп, төлін сату ғана. Бұл кеткен шығынның жартысын да жаппайды. Ол үшін салаға жаңа бетбұрыс керек дейді шаруалар.

Мұрат Сарманов, Қазақстан фермерлер одағы ОФ төрағасы:

- Әр жерде отырған шаруа қожалықтарына қаншама шақырымға баған тартып, электр энергиясын апарғаннан гөрі, қазір дамыған замандарда бір 50-100 КВТ-тық күн панелдерін қойсақ, бір шаруашылыққа өнім өндіруге, шағын цех ашуға бүкіл ішкі тұрмыстық жағдайын қамтуға сол энергия жетер еді. Осыны қолға алу керек боп тұр.

Қыстақтарға жарық пен газ тартып, игілігін көруге екінің бірінің шамасы келмейтіні анық. Барының өзі күнелтістен артылмайды. Сондықтан салаға инвестиция тарту керек. Егер мал табындарының ортасына қуатты электр желісі мен табиғи газ құбыры болса, өнім өндіруге жол ашылар еді. Бұл бағытта облыста қолға алынған жобалар бар. Бірақ әзірге көңіл көншітпейді. Салдарынан қалалықтар табиғи өнімнен тарықса, қожалықтар бақташы таппай сандалып жүр. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы