418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында полицейлерге құрмет көрсетілді

  • 173
  • UPD: 10:43, 23.06.2020

Алмат Есентай 3 жасында жетім қалды.

Әкесі - ауылдағы аумақтық инспектор Талғат Қозыбаев 2003 жылы қарулы қылмыскер тұтқынға алған азаматты құтқарып қалды. Бірақ арпалыс барысында 25 жастағы лейтенант қаскөй қолынан қаза тапты. Ерлігі еленіп, 2-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Енді ат тұяғын тай басар кез келді.

Болашақ тергеуші жуырда ІІМ Қарағанды академиясынан түлеп ұшады. Жалпы, Алмат 10 жасынан бері полицейлердің қамқорлығын көріп келеді. Дәстүр биыл да бұзылған жоқ.

Пазылбек Нәлібаев, ОПД бастығының орынбасары:

- Ерлігі ешқашан ұмытылмайтын ерлерді ұлықтау біздің азаматтық парызымыз. Қаза тапқан полицейлердің ата-аналарына өз өмірлерін қатерге тігіп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз еткен ұлдарына лайықты тәрбие бергені үшін әрдайым алғысымызды айтып отырамыз. Біз есімізден ешуақытта әріптестерімізді шығармаймыз.   

Қазақстан полициясының кәсіби мерекесінде 69 қызметкер мен 15 сала ардагері марапатталды. Құрметке лайықтылар қатарында 83 жастағы Сәбит Әлжанов та бар.

Сәбит Әлжанов, полиция ардагері:

- Бірде бұлай, бірде олай ғой өмірлері. Полицияның жұмысын білеміз, талай жыл жұмыс істедік. Түн ортасында қолы тимейді, таң алдында жортады. Бірдеңе болады кетеді. Дендері сау болсын, бала-шағасы аман болсын, бейбітшілік заман болсын.

Ел-халық қалқаны болған сақшылар құрамы сала батырларын әрдайым үлгі тұтады. Соғыс және бейбіт кезеңдерде туындаған қауіп-қатерден тайсалмаған 102 қызметкердің мәрмәр тасқа қашалып жазылған есімдері ұдайы жаңғыртылып тұрады.  

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

 

 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы