425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалмаған

  • 265
  • UPD: 08:58, 24.06.2020

Дүкендер мен басқа да сауда нүктелерін есепке алмағанда, дәріханалардың өзінде пандустың жоқтығы немесе талапқа сай болмауы өңірде талайдан бері айтылып келе жатыр. Алайда әзір еш нәтиже жоқ.

Нұрсұлу Дүкенова қоларбамен жүреді. Табиғатынан қайсар жан қолынан келгенше, бөгденің көмегінсіз қозғалғысы келеді. Алайда оны көшедегі жолдардың арбаға арналып жасалмауы, дүкендер мен басқа да нысандардағы пандустың қолайсыздығы әбден қажытты. Тіпті дәрі-дәрмегін алу үшін дәріханаға келсе де, пандустың биіктігінен кіре алмай кері қайтады .

Нұрсұлу Дүкенова, қала тұрғыны:

- Кейде ақша алу керек, тағы сондай баратын жерлерге бара алмаймыз. Бәрінде пандус жоқ, қойылмаған. Қойылған күнде де шамалы. Оның үстіне қасыңда кісі жүру керек.

Зағип жандардың да жағдайы мәз емес. Тіпті ең маңызды нысан саналатын теміржол вокзалының өзінде олар үшін ыңғайлы жағдай жасалмаған. Тактильді жол, дыбыстық индикатор секілді зағиптарға арналған игіліктердің ізі де жоқ. Аяқ-жолын әзер айыратын Айбек Идаятов үшін ол өте үлкен кедергі.

Айбек Идаятов, қала тұрғыны:

- Ең маңыздысы – тактильді плиталар болуы керек. Себебі оңға-солға бұрылып кетпеуіміз үшін керек нәрсе. Көзі көрмейтін адам басын соғып жүргеннен гөрі, одан да сол дыбыстық құрылғының да болғаны дұрыс.

Ал вокзал басшылығына сенсек, алаңдайтындай еш нәрсе жоқ секілді. Теміржол тұрағы барлық талапқа сай көрінеді. Жетпесін аз уақытта толықтырамыз деп сендірді.

Майра Әбілова, вокзал бастығының орынбасары:

- Көзі көрмейтін кісілерге тактильді плиталар бюджетке салынды. Ол биыл келеді деп күтіп отырмыз. Бірінші жолдан жолаушы пойызға отыратын болса, бізде пандус қарастырылмағанмен, лифт бюджетке салынды. Екі лифт келеді.

Қаладағы барлық нысанның мүмкіндігі шектеулі жандар талабына сай болуын құзырлы органдар бақылап отырады. Мысалы, өткен жылдың өзінде 48 тексеріс жүргізілген. Соның 42-сіне ұйғарым беріліп, екі мекемеге 126250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл да салынған. Бірақ мардымсыз айыппұлдар мен құр уәде жанға жалау болмайтыны анық.

Гүлнара Меңдіғариева, облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы:

- Жалпы нәтижесінде облыстағы нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайсыз екенін анықтадық. Көптеген ғимарат алдына пандус жасаумен ғана шектелген, бірақ сол пандустың өзі арнайы ережеге сай келмейді. Сондай-ақ барлық нысанда көзі көрмейтін жандар мен құлағында мүкістігі бар адамдарға да жағдай жасалмаған.

Облыста 23 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрып жатыр. Олардың кедергісіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету - қоғамның басты міндеті. Бірақ онсыз да тағдырдың тауқыметін арқалап жүрген осы бір топты қамқорлыққа алуға мойынымыз жар бермейтіні баршамызға сын секілді.

Авторлары: Асланбек Шығыров, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы