423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жарықтың жоқтығынан көшеміз қылмыстың ордасына айналды – Петропавл тұрғындары

  • 358
  • UPD: 11:41, 24.06.2020

Петропавл қаласының маңындағы Жұмысшы кенті ауданының тұрғындары қараңғы қапаста қалдық дейді.

Олар бірнеше жылдан бері көшелерде жарық жоқ екендігін айтып, шағымданып келеді. Осының салдарынан мұнда қылмыс саны да артқан. Ал қыс уақытында оқушылардың мектепке баруы тіптен қиын. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдайды.

Александр Сальковтың Пугачева даңғылы көшесінде тұрып жатқанына 16 жылдан асқан. Содан бері көршілерімен бірге ұры-қарылардан зардап шегіп келеді. Қарақшылар бірнеше көліктің бөлшектерін қолды қылған. Ал мұндай заңбұзушылық жылда қайталанады.

Александр Сальков, қала тұрғыны:

- Бізден бөлек, осы маңда орналасқан тағы екі көшеде жарық жоқ. Жолдасым түнге дейін жұмыста. Үйге қорқынышпен қайтады. Қыстың күндері балалардың мектепке баруы тіптен қиын. Осыдан он жыл бұрын бағандарды ауыстырды. Сол кезде жарық орнататын шығар деп қуанған едік. Бірақ еш нәтиже жоқ.

Жарықтың жоқтығынан бұл аумақ қылмыстың ордасына айналып барады дейді тұрғындар. Мәселені көтеріп талай табалдырық тоздырған. Көмек болмаған соң, кейбірі қауіпсіздік үшін бейнебақылау камераларын орнатып алыпты. 

Наталья Королёва, қала тұрғыны:

- Аулада жатқан дүние мүлкіміз жоғала бастады. Бұдан қалды, қысқа дайындаған отын-көмірімізді тонап кетті. Сондықтан төрт бірдей камера қойдыртуға тура келді.

Ал қалалық әкімдіктегілер бұл мәселені шешеміз деп сендірді. Тіпті ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылатын болады.  

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Тұрғындардан бізге өтініш келіп түскен жоқ. Бірақ дегенмен қазіргі кезде арнайы комиссия құрылады. Сол көшелерге барып, қандай жұмыстар атқарылуы керек. Соның барлығын тексеретін болады. Одан кейін жұмыстарға қанша қаражат керек? Соның барлығы саналып, бюджетке салынады. Ақша бөлінген жағдайда, бірден сол жұмыстар жасалатын болады. 

Қаланың шеткі аудандарында жарық мәселесі өзекті. Сондықтан жауаптылардың айтуы бойынша, биыл 13 көшедегі жарықшамдарды қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Ал бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 760 миллион теңге қаржы бағытталмақ.  

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы