418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейдегі парадта 55 қазақстандық Қызыл алаңмен жүріп өтеді

  • 162
  • UPD: 12:57, 24.06.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге жұмыс сапарымен барды.

Ол Қызыл алаңда Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадты тамашалап, белгісіз сарбаз зиратына гүл шоқтарын қою рәсіміне және Жеңістің 75 жылдығына арналған қабылдауға қатысады. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты, Мәскеуге ұшар алдында Президент коронавирусқа тест тапсырған болатын.

Дана Нұржан, тілші:

- Біз баспасөз орталығындамыз, парад басталғанға дейін әлі екі жарым сағат уақыт бар. Шеру дәстүр бойынша таңертеңгі оннан басталады. 24 маусым кездейсоқ таңдалмады, дәл осы күні 1945 жылы жеңімпаздардың алғашқы парады өтті. Биыл тарихи компонентке ерекше назар аударылды. Жаяу әскер, ұшқыштар, матростар, инженерлер, барлаушылар және шекарашылар киімін киген әскерилер Ресейдің басты алаңымен жүріп өтеді. Колонна басында аты аңызға айналған Т-34 танктері болмақ. Шеруге барлығы 38 дана тарихи техника қатыстырылады. Мәскеу көгімен 75 ұшақ пен тікұшақ ұшып өтеді. Шетел колоналарының көшбасында ТМД елдерінің, сондай-ақ Үндістан мен Қытайдың әскери қызметшілері болады. Шеруге қатысатын шетелдіктердің арасында Қазақстан Қарулы Күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскері де бар. Жаңа ғана 55 қазақстандық Қызыл алаңмен жүріп өтетіні белгілі болды. Олар үшін бұл шеруге қатысу – ардагерлерге көрсетілген құрмет.

Журналистердің барлығы манеждегі баспасөз орталығынан жұмыс істейді. Кіре берісте температурамызды өлшеді. Мұнда тек маска, қолғаппен кіруге болады. Жұмыс орындарын орналастыруда әлеуметтік қашықтық та ескерілген. Өткен жылы 1200-ден астам журналист парадты тамашалауға мүмкіндік алса, биыл олардың саны анағұрлым аз. Бұған пандемия мен шекаралардың жабылуы себеп болса керек.

Хабар 24 телеарнасы