417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тауарларын электронды түрде өткізетін шетелдік компаниялар ҚҚС төлейтін болады

  • 132
  • UPD: 13:03, 24.06.2020
Тауарларын электронды түрде өткізетін шетелдік компаниялар ҚҚС төлейтін болады

Жеке тұлғаларға қызметтері мен тауарларын электронды түрде өткізетін шетелдік интернет компаниялар қосылған құн салығын төлейтін болады.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мәлім болды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Заң жобасында Қазақстан азаматтарына қызмет көрсететін шетелдік интернет компаниялары қосылған құн салығын, басқаша айтқанда «Google салық» салуға мүмкіндік беретін нормалар ұсынылады. «Google салықты» тек шетелдік интернет компаниялар төлейтін болады. Заңды және жеке тұлғаларға бұл норманың қатысы жоқ. Осыған байланысты салық салынатын базаның кеңейтілетінін ескере отырып, бюджеттің кіріс бөлігі қаншалықты ұлғаяды? Алдын ала есептеу жүргізілді ме?», - деп сұрады Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев.

Өз кезегінде ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов норма шетелдік интернет компанияларға қатысты екенін нақтылады.

«Қазақстандық төлеушілерге қатысты болмайды. Норма шетелдік компанияларға Қазақстанда есепке тұруға және қосымша құн салығын төлеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Шетелдік интернет компаниялар Қазақстанда көрсетілетін қызметтер көлемі, айналымы бойынша қосылған құн салығын төлеуге дайын. Бірақ бұл үшін төлемге қатысты тиісті норма болмаған еді. Енді осы нормалар ұсынылып отыр. Бюджет кірістерін ұлғайту бағытына тоқталсақ, осы қызметтер көлемі ауқымды болмағандықтан, ҚҚС жылына 2 млрд теңге сомасында бағалануда. Егер қызметтер көлемі өсетін болса, салық көлемі де артады. Біз оны бақылаймыз», - деді Р. Дәленов.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат бойынша жеке тұлғаларға қызметтері мен тауарларын электронды түрде өткізетін шетелдік интернет-компаниялар қосылған құн салығын төлеуге міндетті болады.

Хабар 24 телеарнасы