424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арыс оқиғасына бір жыл

  • 406
  • UPD: 18:04, 24.06.2020

Бүгін Арыс оқиғасына тура бір жыл толды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Осы уақыт аралығында жарылыстан қираған қаланы қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Ал шаһар оқдәріден әлі тазартылып жатыр.  Жарамсыз күйге түскен 480 үй қайта салынды. Тағы мыңдаған баспана жөнделіп, пайдалануға берілді.

Тура бір жыл бұрын бұл жарылыс Арыс қаласында болса да, күллі қазақ елін дүр сілкіндірді. Әскери қоймадағы оқиғаны жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін қорқынышпен еске алады. Жарылыстың жойқын болғаны соншалық, оның салдарын толық жою үшін әлі 5 жылдай уақыт керек дейді мамандар. Ал  өткен 12 ай ішінде 380 мың оқдәрінің қалдықтары шаһар сыртына шығарылыпты.  Әскерилер оның  330 мыңы кез келген уақытта жарылуы мүмкін дейді. Жалпы, іздеу және инженерлік барлау топтары 300 шаршы шақырымды тексеріп шыққан.

Нұралихан Асанов, ҚР ҚК оқдәрілер бас басқармасының басқарма бастығы:

— Мобильді іздестіру-саперлік тобы жергілікті тұрғындардың 740 астам өтінішін пысықтады. Соның арқасында 4500 астам оқдәрі залалсыздандырылды. Сүңгуірлер Арыс өзенінің 30 шақырымнан астамын тазалады. Жарылыс болған аумағы 500 гектардан асады.  Жергілікті учаскеде жалпы ауданы  130 гектардан астам жер бетінде тазарту жұмыстары жүргізілді.

Қазір Арыста әлі 12500 тонна оқдәрі бар. Олар елімізде екі сақтау нысанының құрылысы аяқталған соң көшіріледі. Дегенмен, әскерилер шаһардағы ахуал толық бақылауда дейді. Жалпы, жойқын жарылыстан  зардап шеккен қаланы қалпына келтіруге еліміздің барлық аймағы үлес қосты. 

Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі:

— Арыс қаласында 8626 үй бар. Төтенше жағдай салдарынан 7635 үй зардап шекті. Оның ішінде 480 үй жарамсыз деп танылып, жаңадан алынып, пайдалануға берілді. Жқндеуді қажет ететін үй 7155 жөнделіп,  халық игілігіне берілді.

Осылайша қираған үйлердің басым көпшілігі көптің күшімен қалпына келтірілді. Алайда кей тұрғын салынған баспананың сапасы сын көтермейді деп наразы. Арыс қаласының әкімі бұл жайттан хабардар. Баспасөз мәслихатында ол құрылысқа жауапты мердігер өз міндетін толық орындайды деп сендірді.   

Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі:

— Заңның шеңберінде шешілетін мәселе. Жөндеу жұмыстарынан кейін жасырын ақаулар шыққан жағдайда мердігерді шақырып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп береміз. Мұндай жағдайлар жылдың басынан бері бірен-саран түсіп жатыр. Ол бойынша тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Олар 3 жыл кепілдеме алған. Соған байланысты жөндеп беріп жатыр. 

Қалада тұрғын үйлермен қатар, кәсіпкерлік нысандар да біртіндеп бой көтеріп жатыр. 1 жыл ішінде «Менің Атамекенім» қоғамдық қоры арқылы 404 кәсіпкерге өтемақы төленіпті. Ал қалған 69 кәсіп иесінің шотына тиісті қаражат жыл соңына дейін аударылуы тиіс.  

Хабар 24 телеарнасы