418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде 10 жылға дейін ағаш кесу тоқтатылсын – ақтөбелік еріктілер

  • 208
  • UPD: 23:09, 25.06.2020

Ақтөбелік еріктілер ел Президентінде осындай өтініш білдіріп отыр.

Олардың пайымынша, жасыл желекті жоюға тез арада мораторий жарияланбаса, өңірлердегі экологиялық ахуал қиындай түсуі мүмкін. Сондықтан қазір волонтерлер электрондық петиция жариялап, бастамаға қолдау білдіретін азаматтардың санын анықтауға кіріскен.

Бүгін ертемен құрылысшылар Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы ағаштарды түп-тамырымен қиратуға кіріскен. Алайда жақын маңдағы үйлердің тұрғындары жасыл-желекке араша болуға шығыпты.

БЛИЦ:

- Жолды кеңейту мәселесін шешу үшін ағаштарды кесу міндетті емес деп есептеймін. Себебі қаламызда жасыл-желек соңғы жылдары тіптен азайып кетті. Шетелде әрбір ағашты аман сақтап қалуға тырысып жатқандығын көреміз. Ол үшін жолды бұрып, ғимараттарды ысырып жатады.

- Мына тұрғын үй кешенінде 200-ден астам отбасы тұрады. Мыңнан астам адам бар. Егер қажет болса барлығы осы жерге келіп, әрбір ағаш үшін күресеміз.

- Бұл ағаштар біздің үйлер үшін қалқан боп тұр. Көліктің шаңы мен шуынан құтқарады. Қиратып тастаса тереземізді ашып, бөлмелерді желдете де алмай қаламыз.

Жол төсеп жатқан компания өкілдерінің айтуынша, жоба тиісті тексеруден өткен. Және жоспары бекітіліп, жергілікті коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысымен жүзеге асырылып жатыр. Оған сәйкес 220 түп тал кесіледі. Бұл шаралар ескі асфальт енін 3 метрге кеңейту үшін жасалып отыр.

Виктор Дращ, мердігер мекеме директоры:

- Бұл жерде жаяу жүргіншілер жолы болуы тиіс. Себебі бұл магистраль болып есептеледі. Сондықтан қауіпсіздік талаптарына сәйкес тротуар құрылысы да ескерілген. Және осы аралықта екі автобус аялдамасы бар. Сондықтан жолдың екі бетіндегі ағаштар да кесіледі.

Тамырына балта шабылатын әрбір ағаштың орнына мердігер мекеме 5 түп көшеттен отырғызуы тиіс. Оларды екі жыл бойы дер кезінде суарып, әбден өсіп кеткенге дейін күтіп-баптау міндеттеледі. Және бұл жұмыстардың жүзеге асырылуын тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі қатаң қадағалаймыз дейді.

Мирас Әжібаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының м.а.

- Осы жерде 220 ағаш кесуге ордер бергенбіз. Соны бес есе қылып егетін болады. 1100 тал егеді. Соны қарайды. Өсіреді.

Алайда тұрғындар жаңадан егілетін көшеттердің жерсініп, жайқалып өсіп баққа айналатынына күмәнді. Себебі қаланың әр жерінде бұған дейін отырғызылған тал-теректің басым көпшілігі қурап тұр. Сондықтан еріктілер еліміз бойынша орынсыз ағаш кесуді 10 жылға дейін доғару керек деп есептейді.

Евгений Лазарчук, экологиялық қозғалыс жетекшісі:

- Бұл шара елді мекендердегі жасыл желектердің санын қайтадан қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді деп есептеймін. Себебі соңғы уақытта экологиялық жағдайдың қиындап бара жатқандығы белгілі. Және бұл мәселе еліміздің барлық өңіріне тән.

Бүгіннен бастап интернет парақшасында арнайы петиция ұйымдастырылған. Кез келген азамат ол жерде өзінің көзқарасын білдіре алады. Волонтерлер нәтижесін жақын арада жариялаймыз деп отыр. Ал Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы жол төсеу жұмыстары одан әрі жалғасады.

Жоспар бойынша жол құрылысы жыл соңында аяқталуы тиіс. Нәтижесінде мына қатардағы ағаштардың барлығы қопарылады. Ал «Жасыл алқап» деп аталатын тұрғын үй кешенінің болашақта тек жасыл болып атауы ғана қалатын сыңайлы.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы