417,90 504.70 5.63
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда эпидемиология ахуалы нашарлап барады

  • 441
  • UPD: 17:37, 26.06.2020
Атырауда эпидемиология ахуалы нашарлап барады

Атырауда эпидемиологиялық ахуал өршіп тұр. Облыс бойынша қатерлі індетке шалдыққандар саны 1560 адамға жетті. Ал ауру белгілері жоқ 1649 науқас анықталып отыр.

Науқастарды орналастыратын орын тапшы. Емханалар мен ауруханалардың 80 пайызы емделушілерге қашықтан кеңес беруге көшкен. Сондай-ақ қазір атыраулықтар бас ауруына ішетін дәріге зар болып қалды. Дәріханалар алдында шеті жоқ кезек. Алайда дәрігерлер арнайы нұсқаулықсыз ем қабылдамауды ескертіп отыр.

Айта кетейік, қазір облыста реаниматолог, инфекционист, эпидемиолог дәрігерлер жетіспейді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мәлімдеді. Жергілікті билік кадр тапшылығына байланысты тұрғындардан көмек сұрады. Сондай-ақ қазір өкпені жасанды желдету аппараты да жетіспейді. Қауіптің бетін қайтару мақсатында облыстың бас санитар дәрігері бірқатар шектеу шараларын енгізу туралы қаулыға қол қойды. 27 және 28 маусым, яғни демалыс күндері қаладағы карантиндік тәртіп күшейтіледі. Ойын-сауық орталықтары, сұлулық салондары және демалыс орындарының, сондай-ақ базарлар, азық-түліктік және азық-түліктік емес сауда нүктелері, дәмханалар мен мейрамханалар, фитнес орталықтары, моншалар мен бассейндердің жұмысы тоқтатылады. Тұрғындардың азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алудан басқа мақсатта жүріп тұруына да рұқсат берілмейді. Сенбі-жексенбі күндері жұмыс істейтін мекемелердегі қызметкерлер арнайы рұқсат қағазы арқылы ғана жүре алады. Қоғамдық көліктердің де қозғалысы тоқтайды.

Ринат Жанғылышов, қала әкімінің орынбасары:

- Демалыс күндері өздеріңіз білесіздер, көптеген шаралар өтіп жатады. Біздің тұрғындарымыз демалып, басқа да өздерінің тұрмыс-тіршілігін жасағысы келеді. Сондықтан біз осындай шектеуге баруға мәжбүр болып отырмыз. Осы қабылданған шаралар біздің халқымыздың денсаулығын сақтау мақсатында жасалып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы