423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қаламыңыздан қасиет кетпесін, журналист қауым – Аида Балаева

  • 383
  • UPD: 18:00, 26.06.2020

Елордада бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында үздік журналистер марапатталды. Белгілі журналист, қоғам қайраткері Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» жастар сыйлығының лауреаттары анықталды. Еңбегі еленген мамандардың арасында арнамыздың бірнеше тілшісі де бар. 

Биыл елімізде алғаш рет жас тілшілерге арналған Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығы тағайындалды. Лауреаттар әлеуметтік бағыттағы үздік бейнесюжет, мақала, әлеуеметтік желідегі жарияланым және фотосурет аталымдары бойынша анықталды. «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Мерей Мұратханқызы алғашқысында үздік деп танылды. Әріптесіміз журналистикадағы жолын енді бастағанда сенім білдіргендердің бірі бүгін жиналғандар егіле еске алған Бейсен Құранбек болыпты.  

Мерей Мұратханқызы,  «Хабар 24» телеарнасының тілшісі:

- Журналистика саласындағы еңбек жолымды бастағанда Бейсен ағамыз «Айналайын» деп батасын берген. Айтады ғой, «журналист – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір» деп. Бейсен ағамыздың ғұмыры, еңбек жолы соған дәлел сияқты. Біз жас журналист ретінде оның жолын жалғасақ, ол да үлкен абырой. 

Мереке қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарының 50-ден астам өкіліне төсбелгі табысталды. Санитарлық талаптарға байланысты ақпарат және қоғамдық даму министрі олардың кейбірін ғана марапаттады. Кеудесіне «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін таққандардың арасында спорт журналисі, арнамыздың тілшісі Қанат Базылхан да бар.

Қазір бірқатар мамандық иелері елдегі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан басын қатерге тігіп жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында журналистер де бар. Сала басшысы Аида Балаева осы жайтқа баса назар аударды.  

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Қаламдарыңыздан қасиет кетпесін. Ел игілігін ту еткен еңбектеріңіздің табысын көріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық,  бақыт пен береке тілеймін. 

«Жігер» сыйлығы мен «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінен бөлек тағы бірқатар маманға министрліктің Құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат өкілдеріне арналған ән жарық көріп, бейнебаян көпшіліктің назарына ұсынылды.

 

Хабар 24 телеарнасы