418,72 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өңірінде жүйкесі сыр берген науқастарға арналған орталықтар жаңартылады

  • 177
  • UPD: 10:14, 27.06.2020

Бірінші болып 500 мүгедекке пана болған психоневрологиялық орталық күрделі жөндеуден өтпек.

Енді әлеуметтік сауықтыру мекемесіндегі қалыпты палаталарды жайлы бөлмелер алмастырады. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін заманауи спорт кешені бой көтереді.

Бір қарағанда психоневрологиялық орталықтағы науқастар бұғауда өмір сүріп жатқандай көрінетіні рас. Бірақ биік қамалдардың ар жағындағы өмір біз ойлағандай сүреңсіз емес екен. Темір қоршаулар жоқ. Емделушілер аулада жайбарақат серуендеп жүр. Олардың түрлі үйірмелерге қатысып, спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Орталықтың футбол командасы халықаралық және республикалық жарыстардан олжалы оралыпты.

Дмитрий Морозов, футбол командасының капитаны:

– Біз Дубайда екінші орын алдық. Олимпиада ойындарында бірінші орынға ие болдық. Басқа қалаларда да өнер көрсетіп жүрміз. Еліміздің жартысын аралап шықтық.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Бүкіләлемдік Олимпиада ойындарындағы жетістігі таңданарлық. Осыдан кейін бе жергілікті билік лайықты спорт инфрақұрылымын салып беруге шешім қабылдапты. Орталықта қазір көп салалы спорт кешенінің құрылысы басталған. Бұл жарымжан жандарды сауықтыруға айтарлықтай септігін тигізеді. Оның үстіне жүйке жүйесінде ауытқуы бар адамдар дене шынықтыруға  жоғары қызығушылық танытады.

Роман Евсеев, мердігер компанияның директоры:

- Осы нысанда шағын-футбол алаңы қарастырылған. Оның айналасында резина төселген жүгіру жолағы болады. Сондай-ақ жанында хоккей корты мен жаттығу кешені орналасады.

Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы әлеуметтік мекемелерді қолдауға бағытталған. Бөлінген қаржыға күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл мекемеде тұрғын үй ғимараттарының тозғаны соншалық, жүйкесі сыр берген адамдардың өміріне қауіп төндіре бастаған. 

Серік Сүйіндіков, психоневрологиялық орталық директорының орынбасары:

- Ғимараттардың едендері тозып кетті. Сондықтан оларды ауыстырып жатырмыз. Дәліздерге қыш плиталар төсейміз. Ол еден жуатын жұмысшылар үшін қолайлы болады. Ал бөлмелердің еденін бетондап үстіне линолеум төсейміз. Орталықта тұратындарға үйдегідей жағдай жасап берсек деген ойымыз бар.

Мұнда жуылған кірді кептіру жағы жаз мезгілінің өзінде қиындық тудырады. Науқастардың төсек орнын күн сайын ауыстырып отыру қажет. Көп ұзамай арнайы еден жабындысы бар  кір кептіру цехы пайда болады.

Лейла Ақжолова, кір жуу цехының меңгерушісі:

– Күніне жарты тонна кір жуылады. Бірақ сол кірді кептіру өте қиын. Себебі ауа райы құбылып тұр. Біресе аптап ыстық, біресе салқын. Кейде жаңбыр жауып кетеді. Қазір міне далада кір кептіретін цех салып беретін болды. Кірді жабық нысанда кептіреміз. Біз қуаныштымыз. Жұмысымыз жеңілдейтін болды.

Енді әрбір корпустың алдында шағын гүлзарлар мен саябақтар пайда болады. Оларға науқастар жасаған сәулетті мүсіндер орнатылады. Әлеуметтік бейімдеудің ең тиімді тәсілі, еңбекке баулуда жатыр. Жоспарға сай келешекте шипалы шөптермен емдейтін сауықтыру кешені салынады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы