418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында баламалы энергия көздерін ойлап тапқан шебер тұрады

  • 191
  • UPD: 17:30, 27.06.2020

Сыр өңірінде қарапайым заттар мен құралдардан баламалы энергия көздерін құрастырып шығарған шебер тұрады.

30 жастағы қызылордалық Марат Палмахов адамның араласуынсыз жұмыс істейтін қозғалтқыш өндірісте өнімділікті арттырып, үлкен қалалардағы экологиялық ахуалдың жақсаруына септігін тигізеді деп санайды. Қолданысқа қолайлы әрі шығыны аз бірегей өнертабыс бұйымы тұтас өндіріс ошағын электр энергиясымен қамтуға қауқарлы.

Марат Палмахов қуатты қондырғыны құрастыруды 5 жылдан бері ойластырып жүрді. Бағдарламашы ойда жаңғырған идеяның сызбасын қағаз бетіне түсіріп, формуласын шығарды. Жарты литр сумен қуат өндіретін құрылғы ғылыми еңбек пен ептіліктің арқасында шындыққа айналды.

Марат Палмахов, өнертапқыш:

-Бұл менің 40-рет құрастырған нұсқам. Қателіктер мен сынамалар нәтижесінде электр энергиясын өндіріп қана қоймай, сумен қамтуға мүмкіндігі бар агрегат құрастырылды. Бір мезетте екі функцияны да атқара алады.

Шалғай елді мекендерді қуат көзімен қамту және биікте орналасқан егіс алқаптарын суаруға таптырмас құралды орнату мен қайта жинау оңай әрі тез.

Марат Палмахов, өнертапқыш:

- Қондырғы климаттық жағдайға тәуелді емес. Күн сәулесі, жел күшін қажет етпейді. Су көзі мен құяр сағасы болса жеткілікті. Қалыпты қысыммен айналғандықтан артық шығын болмайды.

Сырбойылық шебер ноу-хау аппаратына патент алып, ірі өндіріске енгізуді жоспарлап жүр. Өнертапқыш ауа ластануына жол бермейтін экологиялық таза құрылғы қазіргі қолданыстағы алып қондырғыларды алмастыра алатынына толық сенімді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы