429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арқалықта күрделі жөндеуден өткен көп қабатты үйдің төбесі тесіліп қалған

  • 316
  • UPD: 20:44, 27.06.2020

Арқалықта күрделі жөндеуден өткен көп қабатты үйдің төбесі тесіліп, іргесі іріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24.

Нысан бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 66 миллион теңгеге қайта жаңартылған. Пәтерлер жекеменшік болғандықтан, мемлекет қаржыны қарызға береді. Оның несиесін тұрғындар әлі төлеп отыр.

Данияр Сұлтан, тілші:

- Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша Арқалықта 310 млн теңгеге 13 үй жөнделген.

Соның ішінде күрделі жөнделгені осы нысан. Алайда қыста тапсырылған үйдің көктем келісімен іргедегі сылағы іріп, төбесінен тамшы аға бастапты.

Жеңіскүл Штатбаева, Арқалық қаласының тұрғыны:

- 2015 жылы күрделі жөндеу болды. 2016 жылдан бастап ағып кетті. Мінекей, биыл бес жылдан бері ағып тұр. Ай сайын ақшасын төлеп отырмыз. 15 жылға берілген.

Жұмысты қабылдап алушылардың қатарында осы үйдің тұрғындары да болған. Олар «мердігерлер алдап, қабылдау актісіне алдын ала қол қойғызып алды», дейді.

Сейіткәрім Баязитов, Арқалық қаласының тұрғыны:

Істеп жатқан кезде мердігерлер қулыққа басты. «Міне, істеп жатырмыз, әрі қарай да істейміз. Мына құжатқа қол қоймасаңдар біз материал ала алмаймыз. Ақша бермейді», деп алдап, халыққа қол қойдырып алды.

Тұрғындар әкімдіктен бастап барлық құзырлы орындарға шағымданғанымен, еш нәтиже шықпаған. Ақыры үйді жөндеген мердігер өзін банкрот деп жариялап, жауапкершіліктен сытылып кетіпті.

Ернұр Исмағанбетов, Арқалық қаласының ТКШ басшысының орынбасары:

Енді қазіргі жағдайда оның шешу жолы – бұл тапсырыс берушінің, «Арқалық и К» ЖШС кінәсінен болады. Өйткені жұмысты қабылдаған солар. Кемшілікті жоюды енді солар өз қолына алуға тиіс.

Енді жауапсыз мердігердің кесірінен кеткен кемшілікті жоюға тұрғын үйлерге қызмет көрсететін мекеме міндеттеліп отыр. Ал оның жөндеу жұмысына қаржыны қайдан табатыны ешкімді алаңдатпайтын сыңайлы.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы