424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы жеті көшеде жеңіл көліктердің қозғалысы шектелді

  • 254
  • UPD: 21:30, 27.06.2020
Елордадағы жеті көшеде жеңіл көліктердің қозғалысы шектелді

Толассыз жауған жаңбырдан елорда көшелерін су басып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24.

Мамандар 140 арнайы техниканың көмегімен 20 мың текше метрден астам суды сорып алды. Полиция қызметкерлері 7 көшенің қозғалысын шектеді. Тек медициналық, арнайы және биік көліктердің ары-бері қатынауына рұқсат етілді. Себебі, аласа көліктер суға батып, істен шығып жатыр. Олай болмағанның өзінде мемлекеттік нөмірлерін жоғалтып жатқандар аз емес. Жер үйлерді де су алды басты. Тұрғындар өз шама-шарқынша баспанасын судан тазартып жатыр.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Елордада толассыз жауған жаңбырдың салдарынан қазір көптеген көшелерді су басып жатыр. Полиция қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, олар қазіргі таңда елордадағы 7 көшенің барлығын жапқан. Яғни, ол жердегі транспорттарды түбегейлі тоқтатқан. Десе де кейбірі ішінара өтіп жатыр. Олардың ішінде, медицина қызметкерлері, төтенше және коммуналдық қызмет өкілдерінің көліктері ары-бері өтуіне рұқсат етілді. Сондай-ақ асты биік көліктердің қатынауына рұқсат етілді. Себебі, жеңіл көліктердің көбі мемлекттік нөмірлерін жоғалтып жатыр. Қазіргі таңда өз көліктерінің мемлекеттік нөмірлерін іздеу үшін аяқтарына резеңке етіктерін киіп, қолдарына таяқ ұстап, іздеп жатыр. Ал кейбірі толқын арқылы көшенің сыртына шығып қалып жатыр. Ондайларды полиция қызметкерлері өз көліктеріне салып, иелеріне қайтарып жатыр.

Қазір елордадағы төтеншеліктер күшейтілген режимде жұмыс істесе де, толассыз жауған жаңбырға төтеп бере алмай жатыр. Яғни, суды сорып үлгере алмағандықтан, кей үйлерді су басып жатыр. Айта кететін болсақ, Бараев көшесінің бұрылысындағы Рамазанов 82 а көшесіндегі біраз үйлерді су басты. Атап айтатын болсақ, бес үйді су алыпты. Олардың тұрғындары бастарындағы базынасын айтып, дабыл қағып жатыр.

Андрей Демидов, қала тұрғыны:

- Үйге кіру мүмкін емес. Су тізеден келеді. Жиһаздардың бәрі бүлінді. Ал үйді қайта қалпына келтіру үшін қыруар қаражат керек. Мамандарды шақырып едік, біреуі де келмеді. Тек көшені тазартады, ал үйге жақындамайды. Өз қолымызбен су соратын қондырғы орнатып, тазалап жатырмыз. Балаларымызды туыстарымыздың үйіне жібердік.

Мұндай құбылысты елордадағы біраз көшелерден көрдік. Тұрғындардың айтуы бойынша мұндай жағдай жиі қайталанып тұрады. Себебі, бір көшеден екінші жаққа өту үшін қиындық туғызып, халықты әбден әбігерге салған көрінеді.

Жеңіс Кәрібаев, қала тұрғыны:

- Енді мынау көшенің арғы бетіне өту үшін мына Республика даңғылына шығу керек. Не болмаса Уәлиханов көшесіне, не болса да әжептәуір жүру керек. Жаңбыр сайын осылай болып тұр. Мына судың жолы болу керек қой. Ағызатын жері болу керек қой.

Мұндай құбылмалы ауа райы еліміздің біраз өңірінде байқалды. Әсіресе, солтүстік аймақтарда. Синоптиктердің пікірінше, бүгін жауған жаңбырдың тоқтайтын түрі жоқ. Сол үшін ертеңге де ұласуы әбден мүмкін.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Аят Елшін

Хабар 24 телеарнасы