418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да университет оқытушысы оңтүстіктен көшіп келген отбасылар үшін үй салып жатыр

  • 225
  • UPD: 19:53, 28.06.2020

Ерлік Мұхамеджанов інісімен бірге оңтүстіктен көшіп келетін отбасылар үшін 10-нан астам баспана тұрғызуды көздейді.

Ағайындылардың бұл қадамға баруына не түрткі болды?

Ерлік Мұхамеджанов Бостандық ауылында туып өсті. Қазір Петропавлда тұрады. Университетте оқытушы. Бірақ туған елін ұмытқан емес. Өткен жылы ол інісімен бірге қарызға ақша алып, үй сала бастады.

Ерлік Мұхамеджанов, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Ініммен бірігіп, бұл жағдайды қалай өзгертуге болады, ауылымызға қалай көмектесе аламыз деген ойға келдік. Содан өткен жылы осындай бағдарлама барын естіп, бірден қатысайық дедік. Жеке инвестор таптық. Өткен жылы алғашқы 2 үйді тұрғыздық. Биылғы жоспарымыз тағы 10 үй салу. Және медициналық пункт.

Бұл үйлерге оңтүстіктен көшіп келген отбасылар қоныстанады. Бірінде астаналықтар тұрып жатыр. Ал Айнұр Полатова 3 баласымен Түркістан облысынан табан тіреді.

Айнұр Полатова, Бостандық ауылының тұрғыны:

- Бұл жерге келгенімде жақсы қарсы алды. Жаңа баспана берді. Табиғаты да өте керемет. Тамаша. Қатты ұнап қалды маған. Барлығы жақсы. Барлығы жақсы қарсы алды мені. 3 баламмен баспанаға кірдім.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бір кездері тұрғындары тарап, сиқы кеткен Бостандық ауылы қайта түлеп жатыр. Биыл елді мекенге 33 млн теңге бөлініп, жолдар жөнделіп, қиыршық тас төселді.

Бостандық – қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл. Соңғы жылдары елді мекенде оқушылар азайып, тұрғындарды 11 жылдың мектептің мәселесі мазалаған еді. Енді оның орнын оңтүстіктің балалары толтырады. Білім ордасы да жөнделетін болды.  

Берік Жұқышев, Андреев ауылдық округінің әкімі:

- Биыл мектепті жөндеуге 69 млн теңге ақша бөлінді. Жолдағы жарықты да істейміз.

Жергілікті жұрт көшіп келген отбасыларды құшақ жая қарсы алды. Осылайша Ерліктің ісі оңтүстік пен солтүстік арасындағы көпірге айналды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы