426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында 2025 жылға дейін 150 сүт фермасы ашылмақ

  • 146
  • UPD: 00:50, 14.08.2020

Алматы облысының шаруалары сүт өңдейтін зауыттарға қажет шикізаттың 50%-ін ғана өндіріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24.

Кәсіпкерлер қалғанын өзге аймақтардан алады. Өнім көлемін арттыру үшін өңірде арнайы бағдарлама дайындалды. Жоба аясында 2025 жылға дейін 150 сүт фермасын ашу көзделген. Соның бірі – жақын күндері Панфилов ауданында іске қосылмақ. 

Елорда күнінде ашылатын сүт фермасында қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сауын қондырғылары орнатылып, ірі қара тұратын орын әзірленуде. Өткен айда Австралиядан әкелінген құнажындар енді бұзаулай бастайды. Содан соң тұрақты түрде сауылатын болады.

Рауан Исақұлов, зоотехник:

- 25-27 литр сүт аламыз ба деп отырмыз. Болашақта 2-3 туғанда 30-33 литрге дейін аламыз деп отырмыз. Бұл тұқымын таңдаған себебіміз, бұның жақсы қолайлы жақтары өте көп. Климаттық, географилық жағдайға тез қалыптасады. Ауыр мінезі жоқ. Сүтінің мөлшері көп, майлылығы да жоғары.

Қазір шаруашылықта 500 бас швиц және семминтал тұқымды ірі қара бар. Жыл соңына дейін олардың санын 1200-ге жеткізу жоспарланып отыр. Сол кезде тәулігіне 25-30 тонна сүт шығарылады. Өнім Алматыдағы зауыттарға жіберілмек. Фермадағы жұмыс үрдісі автоматты түрде бақыланып отырады.

Жәнібек Оханов, шаруашылық жетекшісі:

- Әр сиырдың құлағында чип болады. Оператор сол арқылы сиырдың қанша сүт, қандай сапада беріп отырғанын біліп отырады. Ауырып тұрса, ауырғанын оператор біліп отырады. Дейри план деп аталады. Шыққан сиырлар айналып келген кезде ванна бар, тұяғына жасалатын, сиыр өз орнына қайтады.

Алматы облысында алдағы екі жылда сүт көлемін 900 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Ал, 2025 жылға дейін 150 ферма ашып, өңірдегі өндіріс орындарын сүтпен толықтай қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы