431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі спорттық нысандар күндізгі стационарға айналды

  • 315
  • UPD: 20:16, 29.06.2020
Еліміздегі спорттық нысандар күндізгі стационарға айналды

Елімізде қауіпті індеттің асқынуына байланысты спорттық нысандар күндізгі стационарға айналды. Шымкентте жеңіл атлетика кешені, ал Ақтауда теннис орталығы науқастарды қабылдайды. Бұл қалаларда ауру күннен күнге өршіп барады.

Шымкенттегі жеңіл атлетикалық спорт кешені науқастарды жатқызатын орынға айналмақ. Қазір мекемеде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жүгіру жолағына ағаш төселіп, арнайы қоршау қойылған. Онда жіті респираторлық вирустық инфекциясын жұқтырғандар мен өкпесі қабынған адамдар емделеді. Мекеме күндізгі стационар ретінде ғана қызмет көрсетеді. 150 төсек қойылған. Алдағы уақытта олардың санын 450-ге дейін жеткізу көзделіп отыр. Мұндай күндізгі стационар тағы 51 емдеу мекемесінде және екі мектепте ашылады. Жалпы бұдан бөлек қалада 1690 провизорлық орын дайындалған. 

Еркеғали Әлімқұлов, қала әкімі аппаратының басшысы:

- Шымкент қаласында 2870 төсек-орын бар. Оның 650-і жұқпалы ауруларға арналған, 2220-сы провизорлық орындар. Соңғы маусым айында пнвмониямен ауырғандардың саны 5,8 есеге, ОРВИ ауыратындар саны 2 есеге өсті. Бір күнде орта есеппен 2100-дей қоңырау түседі жедел жәрдем қызметіне. Осыған байланысты күндізгі стационардың санын көбейтіп ашып жатырмыз.

Маңғыстау облысында соңғы екі аптада коронавируспен бірге пневмониямен ауырғандар қатары күрт көбейген. Қазір аймақ бойынша 789 адамның өкпесі қабынып, ауруханада жатыр. Олардың 71-інің жағдай ауыр. Ауруханаларда орын тапшы. Сондықтан Ақтаудағы теннис орталығы күндізгі стационар ретінде жұмыс істейтін болды. Әзірге мұнда 150 төсек қойылды. Бұл жерде пневмонияның жеңіл және орташа түрлері емделеді.

Жамал Жаманбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Науқастардың көбеюіне байланысты біз аймақта провизорлардың санын арттырып жатырмыз. Облыстық аурухананың «Б» блогынан 300 адамға жаңа стационар аштық. Қазір осы аурухананың 5-6 қабаттары жөндеуден өтіп жатыр. Аяқталған соң онда да 150 төсек қойылады. Бұдан бөлек Бейнеу ауданында қосымша 55 орын,  ал Жаңаөзенде 75 орындық провизорлық орталық әзірленді. Айта кетейік, аймақта дәрігер тапшлығы сезілген соң Ақтөбеден 20 дәрігер шақырдық. Осы аптада көмекке келеді. 

Эпиджағдай мәз емес. Ауруханаларда орын жетіспей жатыр. Дәрігерлердің мойнына ауыр жүк түсті. Сондықтан барынша сақ болған абзал.

Авторы: Айдарбек Айтмұхамбентұлы

Хабар 24 телеарнасы