420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі көп қабатты үй тұрғындары жаңбыр жауған сайын әлекке түседі

  • 280
  • UPD: 21:48, 29.06.2020

Еліміздің көптеген өңірінде шелектеп жауған жаңбыр тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын біраз әуреге салды. Мәселен, Ақтөбедегі көп қабатты үйлердің бірінің төбесінен су аққан. Жоғарғы қабаттағы пәтер иелері шелектеп су тасып, шаш-етектен болған шығынды есептеп әлек.

Бұл Қонаев көшесінде орналасқан тұрғын үйдің жоғарғы қабаты. Толассыз жауған жаңбырдан шатыры шыдас бермей, төбеге жиналған су баспанаға сорғалай жөнелген. Оныншы қабат тұрғыны Злиха Жұмағазина жауын кезінде қолда бар ыдыстың барлығы толады дейді. Жыл сайын баспанасын жөндеп шаршапты. 

Злиха Жұмағазина, қала тұрғыны:

- Осыдан бес шелек су ақты да тұрды ғой мына жерге. Ылғи құты, шелек қоямын мен. Вот течет. Үшінші рет ремонт жасадым. 

Бұл үйдің іргетасы қаланғанына биыл 13 жыл толды. Қолданысқа берілгеніне көп уақыттың өтпегеніне қарамастан шатырының әбден тозығы жеткен. Былтырдан бері төбесінен су ағады. Сондықтан жауын-шашыннан қорғану үшін тұрғындар техникалық қабатқа үлкен ыдыстар орнатыпты. 

Бисара Алагөзова, қала тұрғыны:

-  Біздің үйдің тұрғындарының көбі жауын-шашыннан зардап шегіп отыр. Сондықтан жақында 5 мың теңгеден жинап, қажетті құрылыс материалдарын алғанбыз. Қазір құрылысшыларды күтіп отырмыз. 

Жөндеу жұмыстарына да тұрғындардың өздері қаражат жинаулары керек. Себебі пәтер иелері кооперативінде бұл мақсатқа қаржы қарастырылмаған. 

Ақнұр Қазбаева, қалалық тұрғын-үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Ол ақау актісін жасауы керек. Сонымен қатар жобалық сметасын жасауы керек. Қанша қаражат керек, оны тұрғындарға жеткізуі керек. Осы жұмыстардың барлығын КСК ұйымдастырулары қажет. Жұмыс жасайтын мердігерлерді тауып беріп, үйдің төбесін жасайтын. 

Шатыры тесілген үйде жөндеу жұмыстары күзге дейін жасалуы тиіс. Әзірге тұрғындар ауа райы болжамын бақылап отыруға мәжбүр. Көрші тұрған көп қабатты үйде де жағдай осы. Бұл баспананың төбесі қашан жөнделері белгісіз. Сондықтан пәтер иелері жаңбыр жауса дайын болуы керек.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы