418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада дәрі-дәрмек тапшы

  • 149
  • UPD: 09:07, 30.06.2020
Қызылордада дәрі-дәрмек тапшы

Коронавирус, пневмония және жедел респираторлық вирусты инфекция жұқтырғандар саны күрт артып, Қызылордада дәрі-дәрмек тапшылығы қатты сезіліп жатыр.

Әсіресе тұрғындар тарапынан қызу түсіретін препараттар мен антибиотиктерге деген сұраныс көп. Облыстағы 328 дәріханаға 7 жарым мыңдай дәрі түрі әкелінеді екен. Бірақ дертіне шипа іздеген жергілікті жұртқа қазір парацетамол, аспирин мен қызу өлшегіш құралдар жетіспей жатыр. Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің өкілдері дәрі-дәрмек қоры мен шекті бағасына күнделікті мониторинг жасап, дәрі таратушы операторлардың жеткізуінде кешеуілдеу бар екенін растап отыр. Бұл ретте мамандар бір дәрінің құрамы ұқсас ондаған баламасы бар екені айтады. Сондай-ақ тұрғындарға таблеткаларды ала салып, жұтуға асықпай дәрігердің тағайындауымен қабылдау керектігін ескертеді. Ал емдік заттарды шекті бағадан асырып сатқан дәріханалар 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеп, жарты жылға лицензиясынан айырылады.

Нұрбек Әділханов, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы:

- ҚР-на дәрі кірмес бұрын міндетті түрде сертификаттаудан өту керек. Қазіргі таңда ыстықты түсіретін бір жарым млн дәрі сертификаттаудан өтуде. Антибиотик дәрілік заттардың 1,2 млн қорабы сертификаттаудан өтуде. Ал вирусқа қарсы 100 мыңдай қорабы сертификаттаудан өтуде. Сәрсенбі күні және аптаның соңында дәріханалар желісіне үлкен көлемде тауар әкелінуі күтілуде.

Хабар 24 телеарнасы