430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда эпидемиологиялық ахуал нашар

  • 241
  • UPD: 09:27, 30.06.2020

Соңғы тәуліктің өзінде облыс бойынша 11 адамның қауіпті дертке шалдыққаны анықталып отыр.

Бұдан бөлек, дәрі мен дәрігердің жетіспеушілігі тағы бар. Таңнан кешке дейін дәріхана алды қажет дәрісін таппай, сандалған халыққа толы. Әкімдіктегілер түйткілді түйінді шешуге тырысып жатырмыз дейді.

Індеттің ілмегіне іліккелі халықтан береке кетті. Қазір облыстағы ахуал тіпті ушыққан. Коронавирусқа қатысты тест тапсыру түгілі, тапсырған сынаманың нәтижесін ала алмай жұрт дал болып отыр. Осы мәселе төңірегінде өткен аптада ғана жергілікті биліктің кәсіпкерлерден көмек сұрағанын айтқан едік. Іле шала, өтініш өз шешімін тапқан көрінеді.

Марат Жылқыбайұлы, облыстық аурухананың диагностика бөлімі меңгерушісі:

- Бізге 2 аппарат ИВЛ келді. Сол аппараттар қазір іске қосылып, жұмыс жасап жатыр. Халық сақтанбайды. Не болғанда да, маска, арақашықтықты сақттау керек. Әлі режим сақтамау жалғасып келе жатыр.

Дәрінің жетіспеушілі де жұртты әуре-сарсаңға салды. Жауаптыларға сенсек, инфекциялық, провизорлық стационарларға дәрі-дәрмек күнделікті жеткізілетін көрінеді. Алайда ол былайғы тұрғындарға қолжетімді емес. Қазір дәріханалардың көпшілігі жеке меншік иелігінде. Десе де, бұл мәселенің шешімін табуына ықпал етеміз деп отыр әкімдіктегілер. Дәрі-дәрмек таппағандардың дәріхана алдында түнеуден басқа амалы қалмаған сыңайлы. Дәрі болған күннің өзінде бағасы аспандап кеткен деген шағым да жоқ емес. Осы сұрақты жауаптыларға қойып көрдік.

Бақытгүл Хаменова, облыс әкімінің орынбасары:

- Оны қарайтын арнайы мекемелер бар. Мысалы, оның барлығына әкімшіліктің құзіреті жете бермейді. Сондықтан да бұл мәселелердің барлығын да тиісті органдарға айтып, жеткізу және бүгін біздің тарапымыздан комиссия құрылып, бұл мәселелер бойынша бүгіннен бастап жұмысты бастады олар.

Қазір шаһардағы кардиологиялық аурухананың жанынан 70 орындық провизорлық стационар ашылып жатыр. Қалаға қарасты Геолог ауылындағы емхананы түгелдей провизорлық стационарға айналдыру жұмыстары басталды. Әрбір емхананың жанынан дәл сондай 20 орын қарастырылып жатыр. Сондай-ақ облыстық ауруханада 400 орындық провизорлық стационар іске қосылады. Бұдан бөлек, қазір медициналық оқу ордаларының түлектері науқастарға жәрдемдесуге тартылып жатыр. Айта кетейік, қазір облыста 1617 адамның ауру жұқтырғаны анықталып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы