417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда пневмонияға қарсы антибиотиктер жетіспей жатыр

  • 263
  • UPD: 21:04, 30.06.2020

Түркістанда да пневмонияға қарсы антибиотиктер мен қажетті дәрі-дәрмектер жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24.

Дәріханалардың алды ұзын-сонар кезек. Дәрі іздеп сабылып жүрген халық. Ал ауруханалардағы жағдай қалай? Қосымша орындар ашылып жатыр ма? Жауапты мамандар не дейді?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Дүйсенкүл апайдың 70-жастан асқан туысын кеше Түркістандағы «Талғат» клиникасы қабылдамай қойыпты. Оған себеп – бос орынның жоқтығы. Бірақ тексеріп көрген дәрігерлер науқастың екі өкпесі қабынғанын айтыпты. «Амал жоқ, үйге апардық. Бірақ түнімен мазасы болмай қиналған соң бүгін қайтадан жедел жәрдем шақырттық», дейді.

Дүйсенкүл Сүлейменова, қала тұрғыны:

- Жедел жәрдемді зорға шақырдық, айқайлап, 100 рет звондап. 1-2 сағатта әрең келіп тұр. Ол кісінің жүрегі қысып жатыр. Бірден 4-5 укол салып жатыр. Сол кезде жүрегі шыдамай жатыр. Түнде де сондай болды, жаңа да сондай болды.

Ал, Ләззаттың күйеуі бірнеше күннен бері ауруханада жатыр. Оған да дәрігерлер өкпесінің қабынғанын айтқан. Алайда, дәрігерлер Ләззатқа күйеуін емдеу үшін сырттан дәрі алып келуін талап еткен. Отағасының амандығы үшін шырылдаған келіншек қазір әр дәріхананың есігін қағып, ақ халаттылардың жазып берген дәрілерін іздеп, таппай жүр. Өйткені науқасқа қажетті пневмонияға қарсы антибиотик пен дәрі-дәрмектер жоқтың қасы.

Ләззат Әшірбаева, қала тұрғыны:

Левомед деген табылмайды. Левомаг жоқ. Қойма басшысынан әрең алдырттым. Мыналар қымбат болып тұр. Мынаны біреуден естідім Қымбат екен. Ақша жоқ.

Тілші:

- Аурухана не үшін дәріні өздері салмайды?

Ләззат Әшірбаева, қала тұрғыны:

- Оны білмедім. Жүрміз енді сандалып.

Өңірдегі фармацефтикалық қызметті бақылау департаментінің өкілдері тұрғындардың «дәрі жоқ» деген уәжімен келіспейді. Олардың айтуынша, дәл осы пневмонияға қарсы препараттарды ақшаға емес, ауруханалардан тегін алуға болатын көрінеді. Ол үшін жергілікті емханаға барып, тіркелу қажет екен.

Дәулет Тағыбаев, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Пневмониямен ауырған адам жергілікті тіркелген жеріне барып, сол жерде диспансерлік есепке алып, тегін беріледі. Бізде қорда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша тегін босатылатын заттар бар. Ауруханаларда және емханаларда. 

Бірақ қалада тегін түгілі маңдай терімен тапқан ақшасына да дәрі таппай жүргендер көп. Тіпті қажетті дәрі-дәрмекті өзге қалалардан алдыртқандарды да кездестірдік.

Фарух Камалов, қаласының тұрғыны:

- Таппай қалған дәрілерді Шымкенттен әкелдік қой.

- Бағасы қандай?

- Бұл жақта 9 мың теңге деген еді. Ол жақтан 4 мыңнан әкелдік.

Түркістан қаласында науқастарды үш жерде қабылдауда. «Талғат» пен Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникасында және қалалық орталық ауруханада. Алайда, екі клинадағы 120 орын толық. Ал, орталық ауруханада бос орын бар көрінеді. 

Жанболат Ділдәбеков, қалалық орталық аурухананың бас дәрігері:

Орын жоқ деген мәселе көтерілген жоқ. Орын жоқ деген жауап науқастарға айтылған жоқ. Кейбір науқастарға ауруханаға жатуға көрсетілім болмауы мүмкін. Ондай жағдайда науқас ауруханаға қаралатын болса, дәрігерлер қарап, консилиумнің шешімімен оны емханалық жағдайда емін жалғастыруға болады дейтін болса, ол өзінің емханасына барып, есепке алынып, өзінің емін жалғастырады. Ал біздің 320 орнымызда қазір 303 науқас ем қабылдап жатыр. Демек, 17 орын бос деген сөз.

Жалпы бүгінгі күні Түркістандағы ауруханаларда 419 науқас пневмониядан емделуде. Оның 27-сі ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Бүгінге дейін өкпе қабынуынан 197 адам айығып шықса, 8 науқас көз жұмған. Сондай-ақ қалалық емхананың жанынан 120 орындық күндізгі стационар ашылған. Ал 7 шілдеде орталық аурухананың базасынан қосымша тағы да 30 орындық инфекциондық госпиталь ашылады деп жоспарлануда.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат әбіш

 

Хабар 24 телеарнасы