429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде дәрігерлерге көмекке ұстаздар мен резиденттер келді

  • 357
  • UPD: 20:55, 30.06.2020

Қауіпті індетпен күреске медициналық білім беретін оқу ордаларының түлектері мен ұстаздары да атсалысады, деп хабарлайды «Хабар 24.

Ақтөбедегі қос бірдей оқу орнының өкілдері науқастарға ем жасауға жұмылдырылды. Марат Оспанов атындағы медицина университетінің егде жасқа жеткен профессорлық құрамы тәулік бойы үздіксіз ақыл-кеңес берсе, жергілікті медицина колледжінің түлектері жедел жәрдем қызметіне көмекке келген.

Марат Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық университеті ғимаратының босап қалғанына 3 айдан асып кеткен. Студенттердің дені қашықтан білім алуға көшсе, жоғарғы курстағылары өңірдегі ауруханаларда. Барлығы да айтып келген қатермен күреске жұмылдырылған. Тәжірибесі мол, білімі терең оқытушылар құрамы да кеселмен шайқастың алғы шебінде.

Надиар Мусин, М.Оспанов атындағы БҚММУ проректоры:

- Біздің студенттер мен профессорлық оқытушылар құрамы карантин жарияланған күннен бастап тәжірибелік медицина өкілдеріне үздіксіз көмектесіп келеді. Провизорлық, карантиндік орындарда еңбек етіп жатқан әріптестеріміз бен резиденттердің 30%-і дертті жұқтырды. Қазір олардың көбі дертінен айығып, қайтадан науқастарды емдеуге кірісіп те жатыр.

Медициналық университеттің 165 мұғалімімен қатар аға буын дәрігерлерге 112 резидент те көмекке келген. Олар темір жол ауруханасы мен туберкулезге қарсы диспансерлерде ұйымдастырылған пульманологиялық орталықтарда еңбек етуде. Медициналық колледждің де жүзге жуық түлегі дертті жандарға шипа болуға жұмысқа шыққан. Олар да жедел жәрдем қызметі және провизорлық орындарға тартылды. Қауіпті кеселдің артуына байланысты қосымша керуеттер қойылды.

Оңдасын Оразалин, облыс әкімі:

Карантиндік стационарға қосымша 1926 кереует дайындалды. Қазір онда жоғарыда көрсетілгендей 1355 адам ем алып жатыр. Резервімізде 415 кереует бар. Соның ішінде өткен аптада 500 орын туберкулез ауруханасында жасақталды. Осы аптада тағы 150 орын қосылады. Бірінші тамызға дейін жөндеуден өткізу арқылы қосымша 200 орын ашылады.

Жұқпалы ауруды ауыздықтауға қазір өңірде 4800 медицина мамандары еңбектеніп жатыр. Алайда, эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Соңғы деректерге сәйкес короновирус дертінен облыста 4 азамат көз жұмса, пневмониядан 62 ақтөбелік қаза болды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы