425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қатон-Қарағайда өткен ғасырдан бері алғаш рет көп қабатты үй салынып жатыр

  • 516
  • UPD: 14:25, 01.07.2020

Шығыс Қазақстан облысындағы Қатон-қарағай ауданында тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет көп пәтерлі үй салынып жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында басталған 7 тұрғын үйдің құрылысына 211 миллион 700 мың теңге бөлініп отыр.

Әйгерім Шәріпова аудан орталығынан 25 шақырым жердегі ауылда тұрады. Орталыққа келген сайын мына құрылысты көріп қуанып қайтады. Осы жерден пәтер бұйырар деген үмітте. 5 балалы келіншектің баспана мұқтаждығын тартып келе жатқанына бірнеше жыл болыпты. Сыз тартқан саман үйде тұрып, қажыған ол қазір көшіп кеткен ауылдасының үйін жалдап жүр екен. 

Әйгерім Шәріпова, көп балалы ана:

- Дегенмен, енді өз үйіңе жетпейді ғой, балалар болса, қалай жүрсе, қалай тұрса да өз үйің ғой, енді осы үйлерді көріп, естіп салып жатыр дегенді көп балалы аналарға деп естігенде қатты қуандық, енді бұйырады деп үміттенеміз. 

Құрылыс басында 20-ға жуық адам еңбек етеді. Сайранқан Шідердин 3 айдан бері жұмыс таппай жүрген екен. Қазір жұмысмен қамту орталығы арқылы осы жерден еңбекақы алып жүр.

Сайранқан Шідердин, жұмысшы:

- Жұмыс жоқ кезде малым бар малымды сатам ақша керек болғанда малымды сатып күн көрем, ал міне енді жұмыс басталды, жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа шықтым, енді бәрі болады деп ойлаймын. 

Соңғы 30 жыл дегенде алғаш рет салынып жатқан үйдегі пәтерлер ең алдымен баспана кезегінде тұрған көп балалы аналар  мен аз қамтылған отбасыларға берілмек. Бұдан бөлек аудан орталығында тағы 30 пәтерлі үй құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Гүлмира Әбдірғалиева, аудандық сәулет құрылыс бөлімінің бас маманы:

- Үлкен Нарын ауылында 30  пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастау жоспарлануда. Қазіргі уақытта конкурстық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол биылғы жылы басталып, келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Мұнымен қоса мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытында тағы 3 үйдің құрылысы басталады. Осылайша Үлкен Нарынның шетінен жаңа ықшам аудан пайда болмақ. Жалпы Қатон-Қарағай ауданында баспана кезегінде 200-ге жуық адам тұр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы