417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандық фермерлер ауыл шаруашылығында серпіліс жасады

  • 221
  • UPD: 15:21, 01.07.2020

Түркістан облысы Сайрам ауданының шаруалары жаңа технологияның көмегімен ауыл шаруашылығы саласында серпіліс жасады. Тамшылатып суару әдісін тиімді пайдаланып, бір алқаптан 3 рет түрлі өнім алу жобасын сәтті жүзеге асыруда. Сондай-ақ картопты молынан өсіріп, еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтеді.

Көлкент ауылдық округіне қарасты мына шаруашылық биыл ерте көктемде 4 гектар жерге картоптың Ревера тұқымын сепкен. Қазір піскен өнімді жұмысшы жалдап тергізіп жатыр. Әр гектарынан 38-40 тоннадан өнім алады. Дайын өнімді еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтеді. Жақында ғана 22 тонна картопты Қостанай қаласына апарып, әр келісін 170 теңгеден өткізіпті. Ендігісін Нұр-Сұлтан мен Павлодарға жібермек.

«Сапалы өнімге қашанда сұраныс жоғары», - дейді шаруа.

Жер емген диқан картопты жинап алған соң орна бірден басқа дақыл екпек. 

Әбдікәрім Қойшыбек, шаруа:

- Жылда екі өнім аламыз. Картошка егеміз, одан кейін қияр мен тұлып егеміз. Құдайқаласа мына жинап алған соң бірден жерін айдап, дайындап, егуді бастаймыз. Қыркүйектің аяғы мен қазанның басында жинаймыз.

Жалпы «Сайрам ауданының жері көкөніс егуге өте қолайлы»,-дейді мамандар. Сондықтан не ексе де бітік шығады. Бұған дейін Елбасы алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру туралы тапсырма берген болатын. Ал оны жергілікті шаруалар жаңа технологияның көмегімен жүзеге асырмақ.

Нұрпапа Көпеев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Облыс әкімі ағымдағы жылы үйде отырған, жұмыспен қамтылмай қалған отбасыларды жұмыспен қамту мақсатында үйіргелік жерлерге тамшылатып суару әдісін ендіру тапсырмасын берген болатын. Бұл бойынша біз қазір ауылдық округ әкімдерімен жұмыс жүргізіп, ағымдағы жылы 110 шаурашлыққа осы тәсілді енгіземіз деп отырмыз. Қазірдің өзінде 10 шақты отбасы осы технологияны іске асыруда.

Жаңа жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Оған жергілікті биліктің де, халықтың да көзі жетті. Енді тұрғындардың алысқа бармай-ақ ауласындағы 5-10 соттық жерін осы әдіспен игеріп, мол өнім алуына болады. Биыл осы жобаны жүзеге асыру мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында 110 отбасына 550 мың теңге көлемінде арнайы грант бөлінеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы