423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атыраулықтар дертіне дауа таба алмай жатыр

  • 403
  • UPD: 21:48, 02.07.2020

Атыраулықтар жанына шипа, дертіне дауа таппай сенделіп жүр. Дәріхана алды шеті жоқ кезек. Құжынаған халық. Жуық арада жетеді деген дәрі-дәрмек әлі жоқ, ал тұрғындардан маза кеткен.

Атырауда соңғы тәулікте қауіпті індетке шалдыққан 287 науқас тіркелді. Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Ал, дертіне дауа болар дәрі таппаған атыраулықтар дәріхана жағалап жүр. Керегіңді таппай – бас ауруына айналғалы қашан?!. Дәріхана көре қалсаңыз, әлбетте, кезек күтіп сарылған тұрғандарды да көзіңіз шалады. 

Сандуғаш Құлмұқанова, қала тұрғыны: 

- Дәрі-дәрмек мүлде жоқ. Парацетамол жоқ, қарапайым натрий хлоридіне қол жетпей отыр. Глюкоза таба алмай жүргенімізге қанша уақыт болды, білмеймін. Вирусқа қарсы дәрі жоқ. Бұл не қылған бассыздық? Ал кезекті айтпай-ақ қояйық. 50 процент өкпесі қабынған адамды аурухана қабылдамайды. Жағдай жақсы емес.

Жауаптылардың дәрі-дәрмек жеткізіледі деген уәдесіне көп болды. Алайда еш өзгеріс жоқ. Ауру белгілері байқалып, үйінен ем қабылдайтын науқастардың ортақ уайымы – дәрінің жетіспеуі. 

Нұрлыбек Қабдықапаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: 

- Барлық облыс деңгейлеріне дәрі-дәрмекті жеткізу мәселесі жөнінде жоспар құрып, нақты айтылды. Біздерде қазір облыс әкімшілігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы біріккен түрде соны жасақтап жатыр. Қайталап айтам: 90 пайызға жуықтың үстінде дәрі-дәрмектің бәрі орталықтандырылған "СК-ФАРМАЦИЯ" арқылы бізге келіп түседі дәрінің бәрі. Сондықтан біз солардан күтеміз дәріні. 

Эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты барлық емханалар онлайн-форматта жұмыс істеуге көшкен. Бүгінде облыста басы ауырып, балтыры сыздаған әр адамның дертіне ем табамыз деп жүрген 115 медицина қызметкерінің ауру жұқтырғаны анықталыпты. Осыған орай өңірдегі медициналық колледждің жоғары курс студенттерін жұмысқа тарту көзделіп отыр. 

Нұрлыбек Қабдыкапаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: 

- Біз жоғары курс студенттерін дәрігерлерге көмек көрсетуге шақырып отырмыз. Ерік білдірен жастар мамандарға жәрдемдеседі. Дене қызуын өлшеп, алғашқы көмек көрсету үшін арнайы дайындықтан та өткіземіз. Бұл олардың болашақта білікті маман болуына да сеп болмақ. 

Сондай-ақ қазір жедел жәрдем көмегіне жүгінетіндер саны артқан. 103 қызметіне күніне 1200-1300 қоңырау келіп түсетін көрінеді.

Ербол Иманғалиев, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры: 

- Қазіргі таңда бізде қала бойынша 25 бригада қызмет етуде. Арнайы ковидке жұмылдырылған 5 бригада. Ол тек қана ковид жағдайы тіркелген, анализ қорытындылары қолында болған жағдайда арнайы ковид бригадалармен қызмет жасалады. Ал қазір пневмонияға барлық бригадалар жұмылдырылған.

Ал науқастарды орналастыратын орын әлі дайын емес. Ауырып келгендерді қабылдауға арналған облыстық аурухана алдындағы шатыр ішінде қазір төсек-орындар дайындалып жатыр. Жауаптылар жақын арада орын жетіспеушілігінен туындаған мәселелерді қалыпқа келтіреміз дейді. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов

Хабар 24 телеарнасы