418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе пневмониямен еріктілер көмегімен күресуде

  • 191
  • UPD: 21:06, 02.07.2020

Ақтөбелік еріктілер өз қаражаттарына екі бірдей оттегі концентраьорын сатып алды. Қымбат медициналық құрылғы жақын күндері Ресейден жеткізілуі тиіс.

Қазір аймақтағы волонтерлік бірлестіктердің барлығы қауіпті дертпен күреске бір кісідей жұмылған. Бірі тапшы боп тұрған дәрі-дәрмек тасымалымен айналысса, енді бір тобы дәрігерлерге ас-су жеткізуді қолға алды. 

Ақтөбе медициналық орталығынаа ыстық ас салынған қораптар жеткізілді. Бұл күндіз-түні сырқаттардың ағзасына демеу, көңіліне медеу болып жүрген дәрігерлер үшін ұйымдастырылған түскі ас. Өңірдегі кәсіпкерлермен біріккен волонтерлер тек бір емдеу орнынының өзінде жүзден астам қызметкерді қамтып отыр. 

Әмірхан Иманалин, волонтер:

- Дәрігерлерімізге қолдау болсын деген ниетпен кішігірім болса да біздің демеуіміз ғой. Еріктілеріміз, жалпы кәсіпкерлеріміз қолдау жасап жатырмыз осы акцияны. 

Өкпелері қабынған науқастардың көбіне қазір жасанды тыныс алу құрылғылары қажет. Мұны ескерген волонтерлер екі бірдей оттегі концентраторына тапсырыс берген. Құны 800 мың теңге болатын құрылғыларды жергілікті медициналық мекемелерге тегін орнатып береміз дейді. 

Анастасия Евсеева, волонтер:

- Санаулы күн ішінде Ресейден Ақтөбеге жеткізілуі тиіс. Күтіп жүрміз. Себебі ауруханаларда дәл сондай концентраторлар таптырмай жатады. Бұл аппарат ауыр сырқаттанған жүздеген ақтөбеліктің өмірін сақтап қалады деп сенемін. 

Тосыннан келген мұндай көмектің дәл қазір артық емес екендігі ақиқат. Себебі облыс бойынша мың жарымнан астам КОВИД-19 дертін жұқтырған жан анықталып отыр. Ал пневмония дертімен күніне 50-60 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы