418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда провизорлық госпитальдар ашылып жатыр

  • 177
  • UPD: 23:24, 02.07.2020

Павлодар өңірінде де вирус дес бермей тұр. Науқастар саны күрт көбейген соң 3 мың орынға арналған резервті провизорлық орталық дайындау туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, қысқа уақыттың ішінде 800 орындық триаж-орталық пен провизорлық стационар ашылды.

Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған провизорлық госпитальдеде бос орындар азайып барады. Бүгіннің өзінде 1800 төсек-орын толық.  Провизорлық стационарлар спорт кешендері мен шипажайлардың жанынан ашылып жатыр. Мәселен, Павлодардағы «Баянтау» спорт сарайында 150 триаж-орталық жұмысын бастады.

Сәуле Оспанова, облыстың штаттан тыс бас эпидемиологы:

- Науқастар тәулік бойы түсіп жатыр. Сол себепті пациенттерді іріктеу мақсатында осындай орталықтар ашылып жатыр. Жедел жәрдем бригадалары енді науқастарды осы жерге жеткізеді. Кейін диагностикалық шаралар қолға алынып, пациенттер стационарларға орналастырылады. 

Провизорлық орындардың саны ұлғайған сайын маман тапшылығы туындады. Қазіргі уақытта облыстағы түрлі стационарларда 1200-ге жуық медицина қызметкері жұмыс істеуде. Олардың 763-і провизорлық орындарда. Алдағы уақытта бұл іске салаға қатысы бар студенттер, еріктілер мен ардагерлер де тартылмақ. 

Біржан Досмайылов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а.:

- Мамандар көмектесемін дейтін болса, біз тек қана оларды қолдаймыз. Жұмысқа келетіндер – ол өзіміздің дәрігерлеріміз бар, жұмыстан шығып кеткен дәрігерлер болсын, жаңағы медбикелер, фельдшер санитаркалар, барлықтарына қолдан келгенше жәрдем беруге айтқым келіп отыр.

Аурумен күреске білек сыбана кірісуге қамданғандардың қатарында «Мойылды» шипажайының ұжымы бар. 60 қызметкер осы ғимараттан ашылатын провизорлық орталықтың жұмысына араласуға әзір.

Риза Арынова, шипажай медбикесі:

- Әрине бұл қиын. Қорқынышты. Бірақ бұл міндеттен бас тартпаймыз. Шамамыз келгенше көмектесеміз. Әріптестерімнің ешқайсысы бас тартып жатқан жоқ. Мынадай қиын жағдайды түсініп отыр. Бәрі де келісіп жатыр. Бәріміз біргеміз.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Павлодар қаласының іргесіндегі бұл шипажайда 300 орынға шақталған провизорлық госпитальдің жұмысы ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта тиісті жұмыстар қолға алынды. Мәселен, бұл бөлмелер жиһаздардан босатылып, алдағы уақытта медициналық құралдармен жабдықталатын болады. Мамандардың айтуныша, бұл госпиталь аурудың жеңіл формасына шалдыққан науқастарға арналған. Дегенмен, пациенттердің жағдайы қиындай түссе, олардың барлығы интенсивті терапия бөлімдеріне жеткізілетін болады. 

Бүгінгі күнге дейін шипажайда 250 азамат тынығып жатқан еді. Олардың барлығы жолдамаларын тоқтатып, үйлеріне оралды.

Есен-Аман Қайниденов, шипажай терапевті:

- Демалушылар бұл шешімге түсіністікпен қарады. Таңғы астарын ішіп, үйлеріне жіберілді. Келісім бойынша ем-дом шараларына төлеп қойған ақшаларын да қайтардық. Олардың барлығы демалыстарын жағдай тұрақталған соң жалғастыра алады. 

Айта кетейік, провизорлық госпитальдер аудандық ауруханалардың базаларында да ашылды. Ауылдық жерлерде 500-ге жуық резервті төсек-орын жасақталған.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы