418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда шприц шығаратын зауыт өнімін тегін таратты

  • 127
  • UPD: 23:19, 02.07.2020

Атыраулық кәсіпкерлер қауіпті індетпен күресуге көмек қолын созып жатыр. Өңірдегі шприц өндіретін кәсіпорын өнімдерін тұрғындарға тегін таратса, атымтай жомарт азаматтар инфекциялық стационарға өкпені жасанды желдету аппаратын, төсек жанындағы мониторларды сыйға тартқан. Қиын сәтте халықпен бірге екенін білдірген азаматтар енді өзге кәсіпкерлерді қолдау білдіруге шақырып отыр.

Өңірдегі шприц өндіретін BRANDO зауыты өнімдерін атыраулықтарға тегін таратып жатыр. Әр адамға 15 данадан беріледі. Медициналық препараттар қала маңындағы ауылдық округтерге де жеткізілді. Қайырымдылық ацкиясы кезінде барлығы 3 млн жуық шприц тегін үлестірілмек. Бір күнде  соның 500 мыңы берілді. 

Мұхтар Ахмет, зауыттың бас инженері:

- Біз біргеміз, халықпен біргеміз шарасы аясында біздің басшыларымыздың шешімімен 2 млн 950 мың бір реттік қолданылатын шприц бөлінді. Соның бүгінгі таңда 500 мыңын тарату үстіндеміз. Қалған өнімдеріміз алдағы уақытта график бойынша таратылады. 

Препарат тиелген арнайы көліктер адам көп шоғырланатын жерлерде шприцтерді тұрғындарға таратумен айналысты. Бұл игі бастама атыраулықтар үшін де қуанышты жаңалық. Тегін үлестіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Ғарифолла Көшелеков, қала тұрғыны:

- Бұл дейтін енді қазір укол алатын адамдарға көп көмек деп ойлаймын өзім. Осыны беріп жатқан азамат жігіттерге рақметімді айтамын. Қиын осындай мезгілдерде көмектессе деп ойлаймын. Осындай дәрі-дәрмектерді әкеліп халыққа таратса деген ұсыныс бар.

Сондай-ақ өңірге белгілі атымтай жомарттар шаһардағы инфекциялық стационарға өкпені жасанды желдету аппаратын, қажетті өзге құралдарды сыйға тартты.  Атыраулықтар үшін көмегін аямаған азаматтар басқа да кәсіп иелерін демеушілік көмек көрсетуге шақырды.

Арман Тоғаев, кәсіпкер:

- Біздер оны, біріншіден, еліміздің, халқымыздың денсаулығына бір пайдасы тисінші деген макқсат қой. Одан да бөлек басқа да Атырау облысындағы, жалпы Қазақстандағы кәсіпкерлер осы қолын ұшын созып, көмектессе жақсы болады деп ойлаймыз.  

Бұдан бөлек өңірдегі волонтер жастар да қайырымдылықтан қалыс қалған жоқ. Үйінен ем қабылдап жатқан науқастарға дәрі-дәрмегін жеткізіп, қауіпті індеттің бетін қайтаруға жәрдесіп жатыр. 

Авторлары: Асланбек Шығыров, Амантай Мәутенов

Хабар 24 телеарнасы