418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысындағы Наурызым тұрғындары ауылшаруашылық колледжінің жабылуына қарсы

  • 167
  • UPD: 09:31, 03.07.2020

Қостанай облысындағы Наурызым ауданының тұрғындары жергілікті ауылшаруашылық колледжінің жабылуына қарсы.

Жақында облыстық білім басқармасы аталған оқу орнын көрші аудандағы осы тектес колледжбен біріктіру туралы шешім шығарған. Бұл жеке бір ауылдың емес, бүтін бір ауданның болашағына балта шапқанмен тең дейді наурызымдықтар. Себебі колледждің жабылуымен Қарамеңдіде жастар қалмайды деп отыр.

Белсенді топ Қарамеңдідегі колледжді қалайда жаптырмауға тас-түйін бекініп отыр.Қажет болса, Мемлекет басшысының атына арыз жазамыз дейді. Туған жер, елді мекен тағдырына алаңдаған жұрттың күйінішін түсінуге болады.

Сағдат Ысмағұлов, Қарамеңді кентінің тұрғыны:

- Қазір біздің ауылда құрылыс нысандары бойы көтеруде, жол салынып жатыр, аурухана бой көтеруде. Соған қарамастан жабылу ақылға симайтын нәрсе.

Есімтай Алин, Қарамеңді кентінің тұрғыны:

- Колледж жабылса, ауданның жартысы жоқ деуге болады.

Марина Мырзасарина, Қарамеңді кентінің тұрғыны:

- Екінші қызым 1 курсты бітірді, мінеки жапқалы жатыр. Әлі 4 балам бар. Үшінші қызымды колледжге берем бе деп үміттенгенмін. Көшуге тура келеді. Қайда барады енді жастар.

Колледж аудан орталығына кіре берісте орналасқан. Бірнеше оқу корпусы, жатақхана ғимараты алыстан бірден көзге шалынады. Осының бәрі ертең қаңырап, бос қалуы мүмкін.

Күләш Мырзабекова, жатақхана меңгерушісі:

- Біздің жатақхана үш қабатты. Бұл қыз балалардың комнаталары, шкаф, 4 баладан тұрады. Бізде барлық жағдай жасалған.

Колледждің материалдық техникалық базасы да талапқа сай. Аттестация қорытындысы да оны айғақтап берді.

Мұрат Ахметов, ауылшаруашылық колледжінің директоры м.а:

- 2014 жылы республикалық қаржыдан 25 миллион бөлінді. Соның ішінде техника да бар. Комбайн Есіл, МТЗ.

Сонау өткен ғасырдың 60 жылдары ашылған байырғы училище, қазіргі колледждің жабылуына бала санының аздығы негізгі себеп. Қазіргі кезде 96 студент білім алып жатыр. Жаңа талап бойынша өз-өзін ақтау үшін кемі 500-600 студент болуы шарт. Оның үстіне бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсады деген айып тағы бар.

Ермек Айтмағамбетов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Оқу орынында бірнеше рет мониторинг жүргізілді.Сонда анықтағанымыздай, студенттердің жартысы сабақта болмайды. Қағаз жүзінде көрсетілген, ал нақты бар, жоғы беймәлім. 25 адамның орынына 5,10 адам отырады. Олай болуға тиісті емес. Аз-мұз адамға соншалықты ғимаратты ұстау тиімсіз.

Сұрап білсек, оқу орынын сақтап қалу жағын ешкім елеп, ескермеген сияқты. Жоғарыдан тиімсіз деп, жоқ қылу әрине, ең оңай жол. Ал барымыздан айырылып, бармақ тістеп қаламыз ба деп алаңдаған ауылдағы ағайынның жайын кім ойлар?

Авторлары: Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы