418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды

  • 129
  • UPD: 15:28, 03.07.2020
Нұр-Сұлтанда медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды

Нұр-Сұлтанда астана күніне орай медициналық қызметкерлерге мемлекеттік наградалар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Сонымен қатар елорданың дамуына үлес қосқан тұрғындар астананың құрметті тұрғыны атағына ие болды, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

III дәрежелі «Барыс» орденімен көпбейінді медицина орталығының бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Атығаева, «Парасат» орденімен жұқпалы аурулар госпиталінің бас дәрігері Анна Цепке, «Құрмет» орденімен дәрігер-реаниматолог Илья Логвиненко, жедел жәрдем станциясының директоры Мұрат Оразбаев, «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен анестезиолог-реаниматолог Иван Вахрушев, сондай-ақ дәрігер-инфекционист «Нұр-Сұлтан қаласының Орталық жол ауруханасы» ЖШС бөлімшесінің меңгерушісі марапатталды. Коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте келе жатқан 20-дан астам медицина қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Пандемия кезінде қала тұрғындарына азық-түлік себеттерін, дәрі-дәрмектерді жеткізіп, блок-посттардың жұмысын реттеуге ат салысқан еріктілер ел басшылығының атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Сонымен бірге елорда әкімі Алтай Көлгінов астананың құрметті тұрғындары атағын екі ардагерге табыс етті. Кандидатураларды депутаттар қалалық мәслихат сессиясында қолдады. Отызбай Сүйіндіков 1953 жылдан бастап мұғалім болып қызмет атқарды. Ол 30 жылдан астам уақыт педагогикалық училищеде жұмыс істеді және болашақ педагогтарды тәрбиеледі. Елорданың құрметті тұрғыны атағы хирург Владимир Баумейстерге берілді. Ол 15 мыңнан астам операция, 13 мыңнан астам зерттеу жұмыстарын жүргізді.

«Бүгінде марапатталушылардың басым бөлігі онлайн-режимде қатысып жатыр. Әрқайсыңыз коронавирусқа қарсы күреске үлкен үлес қосып жатырсыз. Мен үшін сіздерге Мемлекет басшысының атынан наградалар тапсыру үлкен құрмет. Қала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлері, күн сайын медициналық қызметкерлерді жұмысқа алып келетін автобус жүргізушілері де алғыс хаттармен марапатталды. Әр адамның індетпен күреске қосып жатқан үлесін бағалаймыз. Келе жатқан астана күні құтты болсын», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Хабар 24 телеарнасы