423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда меценаттар дәрігерлерге қол ұшын созып жатыр

  • 318
  • UPD: 20:53, 03.07.2020

Маңғыстау өңірінде де жағдай мәз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда1217 адам вирус жұқтырған. Тағы бір мыңнан астам адам пневмониямен ауырып жатыр. 35 науқастың жағдайы ауыр. Дәтке қуат болары, осындай қысылтаяңда аймақтың атымтай жомарттары қомақты қаржы бөліп, дәрігерлерге медициналық құрал-жабдықтар жеткізіп беріп жатыр.

Ресми ақпарға сенсек, аймақта 122 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Тағы 40 аппарат республикалық бюджет қаражатына сатып алынады. Жергілікті қазынадан 30 дана оттегі концентраторын алуға ақша қаралды. Ал мұнай өндіруші мекемелер 32 аппарат пен осы шамадағы оттегі концентраторын алып берді. 200 дана көпфункциялы кереует, әрқайсысы 10 мың данадан медициналық костюм және ПТР-тест құралымен де қамтамасыз етпекші. Сауапты іске құрылыс компаниялары мен меценаттар да жұмылып, медициналық құрал-жабдықтарды алдыртып жатыр.

Самат Сүлей, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

– Індет басталғаннан-ақ Маңғыстау облысында ел азаматтары, ел ағалары, жастар барлығы жұмыла отырып, бізден қандай көмек керек деп ұсыныспен қашанда хабарласып жатты. Тек қаржылай жағынан ғана емес, волонтерлер де көмек берді. Сұранысқа сәйкес аппараттармен, құрал-жабдықтамен, тіптен маска, антисептик дейміз соның барлығымен қамтамасыз етуге өз үлесін қосты.

Маңғыстаулық лауазымды тұлғалар мен дәрігерлер тегіс провизорлық, инфекциялық және карантиндік стационарларда жүр. Ақ халаттылар науқастарды емдеуге, билік өкілдері оқшаулау орнындағы жұмысты  үйлестіруге жұмылған. Расын айту керек, басты қиындық орталық жедел жәрдем станциясына түсіп тұр. Өйткені шақыртулар көп, ал көлік жетіспейді. Аймақта бас-аяғы 45 бригада бар, оның 12-сі Ақтауға қарайды. Жуырда демеушілер көмегімен бірнеше санитарлық машина сатып алынды.  

Нұрбол Оқуов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

– Бір күннің өзінде 780, 800-ге жуық шақыртулар, тіптен кейде мыңға дейін шақыртулар түседі. Ал бұрын 400, әрі кетсе 500-ден аспайтын еді. Кейді екі есе, 2,5 есе шақыртулар көбейіп кетіп жатыр. Тек бір Ақтау қаласының өзінде «103» қызметі орталықтандырылғасын 300-ге дейін шақыртулар болады. Мүмкіндігінше барлығына да баруға тырысуда. Жомарт жандарға рақмет. Олар қазіргі жағдайды түсініп, қажет медициналық аппаратураларды алып беруде. Мысалы, бұған дейін біз айтқанбыз ИВЛ аппараттарын біраз компания алып берді. Және де қазіргі таңда шақыртулардың көптігін ескере отырып, 6 санитарлық автокөлік табысталды.

Бастапқыда денсаулық сақтау мекемелерінде 1667 кереует дайындалған еді. Оның 1047-сі провизорлық, қалғаны инфекциялық және карантиндік стационарларда жасақталды. Олардың бүгінгі сыйымдылығы 74 процентке жетті. Қазіргі уақытта облыс аумағында қосымша 300 төсек-орынға провизорлық стационар дайындалды. Орталық аурухана ғимаратының екі қабатын жөндеу таяу арада аяқталса, оған 150 орын қосылады. Бұдан басқа теннис орталығында тағы 150 кереует резервте тұр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы